Еуропада өткір гепатиттің беймәлім түрі пайда болды

Еуропада өткір гепатиттің беймәлім түрі пайда болды
Югополис

Шығу тегі анықталмаған өткір гепатит Еуропаны шарлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмбақ кесел бүгінде Еуропалық одаққа мүше 12 елде анықталып отыр. Оған негізінен 1 айлық сәбиден бастап, 16 жасқа дейінгі балалар шалдығуда. Ең көп жағдай Ұлыбританияда тіркелген. Гепатит – бауырдың қабынуы. Вирус организмге түскеннен кейін бауыр жасушаларын зақымдап, оның қызметі бұзылады. Науқастың көзі мен терісі сарғайып, іш өту және лоқсу белгілері байқалады.

Өткір гепатиттің беймәлім түріне шалдыққандардың да бойынан осы белгілер табылғанымен, әдетте оны тудыратын бес вирустың ешқайсысы жоқ. Есесіне аденовирус, яғни тұмау және көз инфекциясына тән вирус анықталған. Алғашқы науқас Шотландиядан табылды. Қазір 10 жасқа дейінгілердің арасында 145 жағдай тіркеліп отыр. Олардың басым көпшілігі 5 жасқа толмаған сәбилер. Әзірге ешбір бала қайтыс болған жоқ, бірақ 11-нің бүйрегін ауыстыруға тура келген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұмбақ аурудың Канада мен Жапонияда да тіркелгенін айтады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

Дүние жүзі бойынша шығу тегі анықталмаған гепатиттің ауыр түрімен ауырған балалардың саны 169-ға жетіп, біреуі қайтыс болды. Әдетте жедел гепатитті туғызатын вирус ешбір науқастың бойынан табылмай отыр. Аденовирус басым көпшілігінде анықталды. Осы және басқа да болжамдар зерттеліп жатыр.   

Аденовирус штамы 74 баланың ағзасынан шықты. Мамандар коронавирусты да себептердің бірі ретінде қарастырып отыр. Науқастанғандардың 16 процентінің ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Пандемия  кезінде балалардың иммунитеті әлсіреуінен де болуы мүмкін дейді ғалымдар. Ең бастысы, ковидке қарсы вакцинацияның бұл дертке еш қатысы жоқ. Мамандар әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпаратқа сенбеуге шақырады. Жағдайды бақылауға алған Денсаулық сақтау агенттігі науқас балалар бес жасқа толмағанын, сондықтан екпе алмағанын айтады.

Джон Кэмпбелл, ғалым:

Вакциналардың құрамына кіретін аденовирустың адам ағзасына еш зияны жоқ. Олардың көбейіп, инфекция туғызуы мүмкін емес. Ең бастысы олар бірдей аденовирустар емес. Екпенің бұл түрі Ұлыбританияда 40 және одан жоғары жастарға ғана салдырылып келді. Гепатит анықталған балалардың орта жасы 3 жас және олардың Ұлыбританияда вакцина алуға құқы жоқ.

Дәл осыған ұқсас жағдай 1918 жылы тұмау және 1924 жылы қара шешек пандемиялары аяқталғаннан кейін де көптеп кездескен екен. Мамандар Еуропа елдеріне қарағанда Ұлыбританияда бұл аурудың көп тіркелуін есеп беру жүйесінің жетілгендігімен байланысты болуы мүмкін дейді. Сонымен қатар мұнда бауырды емдеудің орталықтары бар гепатиттің жеңіл түріне жедел ем-дом көрсетіледі. Дәрігерлер қол жуу сияқты қарапайым гигиена талаптарын сақтауға шақырады. Құсу және диарея белгілері бар балалар мектепке немесе балабақшаға бармай симптомдар тиылғанша 48 сағат үйде болуы керек.