ДДСҰ әлем елдерін індетті бақылауды күшейтуге шақырды

ДДСҰ әлем елдерін індетті бақылауды күшейтуге шақырды
DW

Әлемде соңғы айларда коронавирусты жұқтыру мен дерттен қайтыс болғандар саны азайғанымен, кей елдерде індет қайта өрши бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайда күн сайын мыңдаған адамнан вирус анықталып, Шанхайда карантин жалғасуда. Бейжіңде індеттің таралуын тежеу үшін жақында 11 ауданның тұрғындарын жаппай тестілеу басталды. АҚШ-та да соңғы апталарда вирусты жұқтырғандар қарасы артқан. Бірақ науқастардың көбі симптомсыз. Бұл халықтың басым бөлігінің толықтай егілуінің нәтижесі – дейді сарапшылар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «әлемде пандемия әлі басылған жоқ. Індеттің таралуының төмендегені тестілеудің азаюына байланысты болуы мүмкін» – деп отыр. Салдарынан әлемдегі эпидахуалды сараптау қиындай түскен. Дерекке қарағанда соңғы кездері әлем бойынша тестілеу көрсеткіші 20 процентке төмендеген.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

– Көп мемлекеттер тестілеуді азайтқандықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустың таралуы туралы ақпаратты аз алып жатыр. Бұл коронавирустың өзгерген түрлерін қадағалау мүмкіндігін төмендетіп, бізді осал етеді. Егер мемлекеттер індетті бақылауды бәсеңдетсе вирус жоғалып кетеді деп ойламау керек.