Солтүстік Кореяда коронавирустан көз жұмғандар бар

Солтүстік Кореяда коронавирустан көз жұмғандар бар

Өзге елдер мыңдаған адамның коронавирус жұқтырып, мыңдаған адамның одан көз жұмғаны туралы хабарлап жатқанда, бертінге дейін «бізде COVID-19 жоқ» деп келген мемлекет – Солтүстік Корея еді. Алайда індет бұл елге де жетсе керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық телеграфтық агенттіктің хабарлауынша, қазір мұнда 18 мыңнан аса дерек расталған. Тіпті 6 адам көз жұмған. Елде омикронның бір түрі – стелс-омикрон кеңінен тарап жатқанға ұқсайды. Осыған байланысты елдің көшбасшысының қатысуымен шұғыл отырыс өтті. Ким Чен Ын бүкіл қала мен уезде локдаун енгізуді бұйырды. Айтпақшы Солтүстік Корея басшысы алғаш рет көпшілік алдына маскамен шыққан. Шұғыл отырыс кезінде ол медицина қызметкерлерінің жұмысын сынға алып, вируспен күреске қарулы күштерді тартуды тапсырды. Қазір көбін «әлемнің ең жабық елдерінің біріне вирус қайдан келді?» деген сұрақ мазалайтыны түсінікті. Жақында мемлекет Қытаймен сауда-саттықты ақырындап қалпына келтіре бастаған. Алайда сарапшылар оның өзінде сақтық шаралары қатаң сақталатынын айтады. Сондықтан індеттің қайдан келгені әзірге белгісіз. Мамандар қазір ол сұрақтан гөрі вирус қалай емделеді деген сауал маңызды дейді. Өйткені 26 миллионға жуық тұрғынның ешқайсысы вакцина салдырмаған. Дәрі-дәрмек жетіспейді. Бұл ретте Оңтүстік Корея мен АҚШ секілді елдер екпемен бөлісіп, көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді.

КОРОНАВИРУС ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ МИЛЛИОННАН АСТЫ

АҚШ демекші, мұнда коронавирустан көз жұмғандардың саны бір миллионнан асып кетті. Президент вируспен күресті күшейтуді жалғастыра беру керектігін айтты. Сондай-ақ өз вакцинасын әзірлеген мемлекеттерді өзге елдерге көмектесуге шақырды. Жалпы осы күнге дейін америкалықтар әлемнің 110-нан аса еліне екпенің жарты миллиардтан аса дозасын жіберген екен. Бірақ сорақысы сол – ол препараттың көбі қолданылмаған. Өйткені кейбір мемлекеттерде материалдық-техникалық база жоқ. Мәселен, вакцинаны тасымалдайтын тоңазытқыштар жетіспейді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Пандемия әлі аяқталған жоқ. Алда атқарылатын шаруа жетерлік. Күн сайын вирустан мыңдаған адам өліп жатыр. Біз күш біріктіріп, күресті тек үдете түсуіміз керек. Мәселен, салынатын екпе санын арттыру қажет. Вакцина барлығына бірдей қолжетімді болуы шарт.

ЕО ӘУЕЖАЙЛАРЫНДА МАСКАСЫЗ ЖҮРУГЕ БОЛАДЫ

16 мамырдан бастап бүкіл Еуропалық одақ аумағындағы әуежайлар мен ұшақтарда да жолаушылардан бетперде тағуын талап ететін ереже күшін жояды. Көрші Испания билігі де шектеу шараларын жеңілдетті. Енді мұнда оқушылар мектепте 1 метрлік қауіпсіз арақашықтық сақтауға міндетті емес.