Ыстамбұлда жеті баллдан жоғары жер сілкінісі болуы мүмкін

 Мамандар біраз уақыттан бері осылай деп ескертіп, оның зардабы үлкен болатынын айтып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркия билігі жер сілкінсе, адамдарды қалай құтқарудың амалын ойластырып қойған. Соған сай ауық-ауық оқу-жаттығу өткізеді. Адамдарын да төтенше жағдайға бейімдеп, құрылысты да мейілінше дүмпуге төзімді етіп салады. Жер сілкінісінің ошағы – Ыстамбұлдағы аралдар. Магнитудасы – 7,5 балл. Мегаполистегі зілзаладан сақтандыру оқу-жаттығудың сценарийі осындай. Ұлттық деңгейдегі эвакуация, орналастыру және жоспарлау жаттығуына 5 мыңға жуық қызметкер мен 300 көлік жұмылдырылған.

Юнус Сезер, апат және төтенше жағдайлар басқармасы директоры:

– Оқу-жаттығуда мемлекеттің барлық мүмкіндіктері қолданылды. Тек қана іздестіру- құтқару топтарымен шектелмей, құрлық, теңіз, әуе құралдары, яғни тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшақтар жұмылдырылды. Жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы барлық ақпарат Бірыңғай жедел басқару орталығына жіберілді.

Сценарий бойынша Ыстамбұлдан бірнеше шақырымда жер сілкінгенін қаланың Еуропа мен Азия бөліктерінде орналасқан 16 миллион тұрғын біліп отырады. Осыған байланысты қала тұрғындарын эвакуациялау үшін 18 ауданда қабылдау пункттері ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам шатыр тігілді. Жылжымалы ауруханалар, азық-түлік пункттері, байланыс құралдары іске қосылды. Төтенше жағдайларға арналған апат қосымшасы іске қосылып, тұрғындарды қабылдау пунктеріне жеткізу бойынша жол картасы жасалды.

Сулейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

– Апаттың қашан болатыны белгісіз. Біз дайындық үшін өте қарқынды және табанды түрде жұмыс істеп жатырмыз. Біз үнемі синергия жасауға және сақтық шараларын қабылдауға тырысамыз. Президентіміздің Түркияның апат алдында, апат кезінде және одан кейін бүкіл әлемге жол көрсететін жағдайға көтерілуі керек деген тапсырмасына сәйкес әрекет етіп отырмыз.

Ыстамбұл Солтүстік Анадолы тектоникалық сызығының жанында орналасқан. 1999 жылы қалаға жақын жердегі провинцияда магнитудасы 7,6 және 7,4 болатын екі жер сілкінісі болып, ресми мәліметтер бойынша 20 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Мамандар бұл аймақта жаңа жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін екенін әлденеше рет ескерткен. Ал Ыстамбұл қалалық әкімшілігі жер сілкінісі нәтижесінде қаладағы 48 мыңнан астам ғимарат қирап, 200 мыңға жуығы ауыр немесе орташа дәрежеде зақымдалады. Мұндай зілзаладан келген шығын 14-15 миллиард долларға жетеді деп болмаған жағдайдың залалын алдын ала кесіп-пішіп те қойған.