Анкарада Мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Еліміздің Түркиядағы елшілігінде білім алушы курсанттардың қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтіп, Әнұранымыз шырқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елші Еркебұлан Сапиев, «Атадан келген аманат, тәуелсіздігіміздің символы Мемлекеттік рәміздерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеу басты міндет» деді.

Айбек Жұпарбек, Құрлық әскери академиясының курсанты:

- Бірінші кезекте жұртымызды Әскери академия курсанттары атынан ҚР рәміздер күнімен құттықтаймыз! Мемлекеттік рәміздер-Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер- халқымыздың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер болып табылады.

Салтанатты шараға, кішкентай бүлдіршіндеріміз арнайы шақырылды. Балғындарға Мемлекеттік рәміздер тарихы мен ұлттық нышандарымызда белгіленген символдардың мән-мағынасы түсіндірілді.

Кәусар Ақылбек, оқушы:

- Қайда жүрсек те көк байрағымыз бізбен бірге. Мемлекеттік рәміздерді желбірету біз жастардың басты міндеті. Жасасын Қазақстан! Жасасын Көк байрағымыз!

Мерекелік жиын балалардың отаншылдыққа бағытталған ерекше көріністерімен жалғасты. Балғындар арасында сурет салудан жарыс өтіп, ұлттық биден флешмоб ұйымдастырылды.