Испанияда сынап бағанасы 43 градусқа жетті

Испанияда сынап бағанасы 43 градусқа жетті

Испанияда жаз басталғалы екінші рет аптап ыстық орнап, тұрғындар әбігерге түсіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы Пиреней түбегінде сынап бағанасы 43 градусқа жеткен. Мадридте 39 градустан асқан. Күннің қатты ысуына Солтүстік Африкадан ауған ағын әсер еткен. Мамандар бұл 1981 жылдан бергі күннің ең қатты ысуы екенін айтып, аптап әлі екі аптаға созылатынын ескертті. Адамдар ыстықтан саябақтарда көлеңкеге тығылып, суға түсіп қорғанып жатыр.

- Тура ми қайнатар ыстық. Сондықтан осы жерге біраз салқындап, демалу үшін келдік.

- Күн адам айтқысыз ыстық, салқындау үшін барынша жеңіл киініп шықтым. Бірақ бәрібір шыдатпайды.

ҰЛЫБРИТАНИЯДА ЖАҒАЖАЙДА ДЕМАЛУШЫЛАР КӨБЕЙДІ

Күн Ұлыбританияда да ысыды. Мұнда сынап бағанасы 30 градусқа жеткен. Жағажайда демалушылар қарасы көбейген. Ал жергілікті билік күннің қызуына байланысты елдің кей аумағында қауіптің екінші және үшінші деңгейін жариялады. Ауа райын болжаушылар ыстық апта соңына дейін созылатынын ескертіп отыр.