Аптап ыстық Еуропаны алқымнан алды

Аптап ыстық Еуропаны алқымнан алды

Еуропаның көп елінде өткен апталарда басталған аптап ыстық әлі тұр. Салдарынан Испания, Португалия, Франция және басқа да елдерде орман өрті жиіледі. Ал Пәкістанда керісінше жаңбырлы маусымға байланысты су тасқыны жиілеп, 200-ге жуық адам опат болды.

Кәрі құрлықта аптап ыстықтан орман өрті жиіледі. Испанияның оңтүстігіндегі Малага провинциясында жалын жақын маңдағы елді мекендерге тез жетіп, 2 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Өңірде аномальді ауа райы тұрғанына 1 аптадан асқан. Қазір тілсіз жаумен жүздеген өрт сөндіруші күресіп, ұшақтар тартылып жатыр.

БЛИЦ:

- Өрттен қашқанда тек мысығым мен итімді алып үлгірдім. Үйім жанып кетті ме деп қатты алаңдап тұрмын. Соңғы рет жалын біз тұрған мекенге жақындағанда 5 тікұшақ келіп тез сөндірген еді. Енді ол жерде не болып жатқанын білмеймін.

Франция

Франция осымен бесінші күн алапат орман өртімен күресіп жатыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға мыңға жуық маман жұмылдырылған. Бірақ жалын дес бермей тұр. Өрт 5 мыңға жуық ағаш пен жайылымдық жерлерді күлге айналдырды. 10 мың адамды қауіпсіз жерге көшірілді. Аптап ыстықтан Францияның 11 өңірінде қауіптің қызғылт деңгейі жарияланған. Синоптиктер ыстықтың беті тек алдағы аптада ғана қайтуы мүмкін деп отыр. 

Оливье Шаратт, құтқару операцияларының басшысы:

- Жалынның беті қайтар емес. Өткен түні өрт сөндірушілердің жанқиярлық ерлігінің арқасында 100 үйді сақтап қалдық. Қазір мамандар өртті бақылауға алуға күш салып жатыр.

Португалия

Португалияда жалын 10 мың гектар алқапқа жайылған. Апаттан осы уақытқа дейін 135 адамды күйік шалыпты. Ахаулға байланысты жергілікті үкімет жуырда төтенше жағдай режимін ұзартты. Өртті басынан кешкен шаруа былай дейді.

БЛИЦ:

- Бірнеше күн бұрын өрт алыста болғанын көргем. Бірақ өткен күні жел тұрып жалын күшейгенін байқап тез жиналып жолға шығып кеткен едік. Әйтеуір үйім аман қалыпты.

Британияда аптап ыстықтан қауіп күшейді 

Ұлыбританияда аптап ыстықтан қауіптіліктің ең жоғары – қызыл деңгейі жарияланды. Мамандардың болжауынша келесі аптаның басында корольдікте ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Салдарынан теміржол вокзалдарының жүктемесі артуы ықтимал. Өйткені қаладан ауылдық жерге және су жағасына ағылатындар көбейеді.

Ханна Клоук, ғалым:

- Ұлыбританияда ыстық басталғанына бірнеше күн болды. Алдағы күндері сынап бағанасы 40 градусқа жетіп, рекордтық көрсеткіштен асып кете ме деп ойлаймын. Британдықтар мұндай ыстыққа үйренбеген. Сондықтан адамға қиынға соғуы мүмкін.

Жаңбырлы маусым салдары

Пәкістанда керісінше толассыз жаңбыр мен су тасқынынан соңғы аптада қаза болғандардың саны 165 адамға жетті. Тағы 171 тұрғын жарақат алған. Табиғат апатынан ең қатты зардап шеккен Белуджистан мен Синд провинциясы. Шелектеп құйған жаңбырдан Белуджистанда бірнеше рет су бекеті бұзылып, жақын маңдағы мекендер су астында қалған. Қазір елдің барлық аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Дәурен Ақашұлы