Ресейге қарсы санкциялар ұзартылды

Ресейге қарсы санкциялар ұзартылды

Еуроодақ Украинадағы шиеленіске байланысты Ресейге қарсы салынған санкцияларды тағы жарты жылға ұзартты. Сөйтіп шектеу шаралары 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін күшін жоймайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптада ғана бірлестік көрші елге қарсы санкциялардың жетінші пакетін бекіткен еді. Ол ресейлік алтынның импортына жартылай шектеу қояды.

Айта кетерлігі, мемлекет бағалы металдың әлемдегі екінші ірі жеткізушісі саналады. Батыс елдерінің мәліметіне сәйкес Ресей былтыр алтын сатудан 15 жарым миллиард еуро пайда тапқан. Енді Еуроодақ азаматтарына оны жартылай дайын өнім, сынық және зергерлік бұйым ретінде сатып алуға тыйым салынады. Одан бөлек жетінші пакет бойынша «Сбербанк» активтері бұғатталады. Қара тізімге сондай-ақ 50-ден аса жеке және заңды тұлға кірді. Олардың қатарында ресейлік саясаткерлер, әскери шенділер мен олигархтар бар.