Өзбекстанда Ауғанстан ахуалын жақсарту жолдары талқыланды

Ауғанстан үкіметінің шетелдік банк шоттарына салынған бұғат қашан алынады? Бүгін Ташкентте өткен халықаралық конференцияда осы мәселе талқыланды. Жиында 20-дан аса мемлекеттің өкілі тәліптерге түрлі ұсыныс айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рауан Мыңбаев, тілші:

Ауғанстан ұзақ жылдан бері дағдарыс қыспағынан шыға алмай келеді. Билікке де-факто, яғни уақытша үкімет келгелі жағдай тұрақтала бастағандай еді. Алайда әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұйымы өкілдері Ташкентке күні бұрын жетті. Барлық делегация өкілдері секілді 5 жұлдызды қонақ үйге тұрақтады.

20-дан аса мемлекет пен жетекші халықаралық ұйым өкілдерінің тәліптермен мұндай құрамда алғаш рет кездесіп отыр. Орталық Азия ғана емес, Еуропа, Америка, Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхиты аймағынан Ауғанстан мәселесі жөніндегі арнаулы өкілдер жиналды. «Халықаралық қауымдастықтың бұл елмен қарым-қатынасы әлі де салқын», – дейді сарапшылар.

Абдуләзиз Комилов, ӨР президенті жанындағы қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары:

– Тәліптер үкіметін мойындау туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Бірақ арадағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру жайы қарастырылып отыр. Ауғанстанның уақытша үкіметі бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Осы басқосуда көтерілген ұсыныстарды жан-жақты қарастыратын болады.

Әлемде бірде-бір мемлекет Ауғанстанның уақытша үкіметін мойындаған жоқ. Банктік шоттарына бұғат қойған елдер де бар. Соның бірі АҚШ. Құрама штаттар шектеуді алып тастауға келісіп отыр. Бірақ қаржының жұмсалуын қадағалайтын маманды АҚШ тарапынан тағайындауды ұсынады. Ал бұл бастамаға Ресей қарсы. Демек мәселенің басы тағы ашық күйінде қалатын түрі бар. Бұғатталған қаржы көлемі ауқымды. Шамамен 7 миллиард долларға жуық.

Амир Хан Муттаки, Ауғанстан уақытша үкіметі сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы:

– Ауғанстанның басты мақсаты – экономикалық даму. Орталық және Оңтүстік Азияның дамуын жеделдету. Үкімет Әл-Каида және басқа да лаңкестік ұйымдардың территориямызды пайдаланбайтынына кепілдік береді.

Уақытша үкіметпен тұрақты байланыс орнатқан елдің бірі – Өзбекстан. Тікелей сауда-саттық жасап келеді. Ал астық өнімдерімен ауған халқын Қазақстан қамтамасыз етеді. Сондықтан тұтас Орталық Азия жағдайдың тез арада реттелгенін қалайды.

Талғат Қалиев, ҚР сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

– Ауғанстанмен геогшрафиялық тұрғыда жақын орналасқан мемлекеттер уақытша үкіметпен етене жақын жұмыс істеу жөнінде ұсыныстар айтты. Бұл елді экономиикалық тұрғыда аймақпен тығыз байланысты ету негізгі міндет. Әсіресе энергетикалық, сонымен қатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Конференцияда ауған халқын дағдарыстан алып шығатын жобалар талқыланды. Соның бірі – «Термез-Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» бағытындағы жаңа теміржол. Қазақстан құрылыс жұмыстарына қолғабыс етуге ниетті. Сол арқылы Пәкістанға төте жол салынады. Батыс пен Шығыс арасында сауда-саттық артады.

Дегенмен тұрақтылық орнамаса, бұл жобалардың қай-қайсы да нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан Орталық Азия ғана емес, әлем елдері Ауғанстан ахуалын жіті назарда ұстайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов