Астронавт Базз Олдриннің киімі 2,8 млн долларға сатылды

Американдық ғарышкер Базз Олдриннің сырт киімі Сотбис аукцион үйінде рекордтық 2 млн 800 мың долларға сатылды.

Ғарышкер 1969 жылы "Аполлон-11"-мен Айға сәтті қонғанда дәл осы киімде болған. Жоғары сапалы, отқа төзімді матадан жасалған күрткеде НАСА-ның логотипі мен астронавттың есімі тігілген. Енді ерекше лот жекеменшік жинақтамада сақталатын жалғыз бұйым болып саналады. "Аполлон-11" экипажындағы басқа мүшелердің киімдері Вашингтондағы Авиация және Ғарыш Ұлттық мұражайында сақталған.

Кассандра Хаттон, Sotheby's аукцион үйінің өкілі:

- Бұл өте сирек кездесетін зат. Егер Смитсон университетінің сайтына кірсеңіз ғарышкер Нил Армстронгтың ұшуға арналған толық костюмы сол жерде сақталғанын көре аласыз. Майкл Коллинзтың киімдері де Смитсон университетінде. Ал бұл сатып алуға болатын "Аполлон-11" миссиясына тиесілі жалғыз киім болып саналады.