Қырғызстанда баспана қымбаттады

Қырғызстанда жыл басынан бері тұрғын үйлердің бағасы 30 процентке өсті. Құрылыс материалдары, жұмыс құны қымбаттағанымен жаңа пәтерлерге деген сұраныс бұрынғы қалпында қалды.

Санкциялық шектеулер, құбылмалы валюта бағамы, жанармайдың қымбаттауы. Мұның бәрі құрылыс саласына жанама әсер етіп, құрылыс материалдарының қымбаттауына әкелді. Соңғы жарты жылда нарықта қажет тауарды тауып, керек мөлшерде сатып алып, елге әкелу қиындап кетті, тіпті табылған күннің өзінде бағасы қымбат. Әсіресе Еуропа елдері өнімдерінің құны аспандап кеткен. Осы шығындарды ақтау үшін құрылыс компаниялары пәтер бағасын көтеруге мәжбүр.

Медер Жаманбаев, құрылыс компаниясының басшысы:

- Кейбіреуін жергілікті немесе Ресей және Қазақстанда шығарылған материалдармен ауыстыруға болады. Алайда электр, автоматтар, сантехника секілді негізгі материалдарды ауыстыра алмаймыз, өйткені сапасы төмен. Бұл жағынан үнемдемейміз және еуропалық өнімді қолдануға тырысамыз. Алайда тура жол қазір жабылғандықтан, Түркия мен өзге елдер арқылы тапсырыс жасап, жеткізуге тура келіп тұр. 

Бішкекте жаңа үйлердің бір шаршы метрі орта есеппен 850 доллар тұрады. Жыл басында 700-ден табуға болатын еді. Жаңа пәтерлер құрылыс материалдарының бағасы өскендіктен қымбаттаса, ескі үйлердің де бағасы шарықтап барады. Риэлторлардың айтуынша, жылжымайтын мүлік бүгінде қымбат инвестицияға айналған.

Ирина Коврижных, жылжымайтын мүлік агенттігі директорының орынбасары:

- Өзге елдерге көшкісі келгендер пәтерлерін сатады. Алайда онда да үйлер қымбат, сондықтан баспанасын арзан сатудың мәнісі жоқ. Рубль бағамының өсуі де әсер етті, пәтерлер бағасының арзандайтын түрі жоқ.

Бағалардың өсуі мен сом бағамының төмендеуі инфляцияны күшейтіп жіберді. Ұлттық банктің болжауынша, жылдың аяғына ол 15 жарым процентке дейін жетеді және тек 2024 жылға қарай 5-7 процентке дейін түседі. Бірақ ол үшін елде ғана емес, бүкіл әлемде экономика тұрақталуы қажет.

Бакыт Чермашев