Грузияда Боржоми шатқалындағы өрт дес бермей тұр

Грузияда Боржоми шатқалындағы өрт дес бермей тұр

Бұл өңірде әйгілі шипажайлар мен емханалар орналасқан. Күшті соққан желдің кесірінен от тез тарап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал таулы аймақта арнайы техниканың кей түрін қолдануға мүмкіндік болмай отыр. Өрт сөндірушілерге көмекке әскери бөлімдер жұмылдырылды. Өрт әлі ауыздықталмады, дегенмен жергілікті тұрғындарға төніп тұрған қауіп жоқ.

Боржоми шатқалында орманның өртенгеніне алты күн болды. Өрт сөндірушілер, тік ұшақтар және арнайы әскери бөлімдер күні-түні тілсіз жаумен арпалысып келеді. Алайда осы уақытқа дейін өртті ауыздықтай алған жоқ. Соңғы екі күнде күшті желден қызыл жалын тез тарай бастады.

Отар Шамугия, Грузия ауыл шаруашылығы және қоршаған орта министрі:

– Қанша ауданға өрт тарағанын әзірше нақты айта алмаймын. Қазіргі тұста шамамен 150 гектар. Өрт түрлі бағытта тарап жатқандықтан, деректер тез өзгеріп отыр. Өрт аяқталғанда ғана қанша орман жанып кеткенін білеміз.

Қоршаған орта министрлігі осыдан екі апта бұрын өрт шығу қаупі жөнінде ескерткен болатын. Ол кезде аймақта сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтерілген-ді. Өрт ошағына жақын маңда елді мекендер де бар. Бірақ мамандар оларға қауіп төніп тұрған жоқ дейді. 

Джуаншер Бурчаладзе, Грузия қорғаныс министрі:

– Премьер-министрдің бұйрығымен сол жердегі жағдайды зерттедім. Сын-қатерді бағалап, өрт сөндіруге әскер тартуды шештік . Қажетті бар техниканы жұмылдырдық. Халыққа төнген қауіп жоқ. 

Джемал Кевлишвили, Боржомского өңірінің тұрғыны:

– Анау жерде алдымен шағын өрт ошағы шықты. Ал енді қаншама үлкен ауданға тарап кетті. Өрт қайдан шыққаны түсініксіз, өйткені ол жерде ешкім жүрмейді.

Боржоми шатқалы биологиялық алуантүрлілігімен ерекшеленетін өңір. Бірнеше шақырым қашықтықта самырсын, шырша, жалпақ жапырақты, қандыағаш және аралас ормандар бар. Шатқалда жұрт жыл бойы демалатын шипажайлар да көп. Жергілікті халық бұл шипажайларды қызыл жалыннан аман алып қалу ұлттық мүдде, үлкен жауапкершілік деп алаңдап отыр. Ал мамандар алдағы екі тәулікте өрт ауыздықталады дейді.

Авторы: Юлия Тужилкина