Бразилияда үкіметке қарсы жаппай шеру өтті

Бразилияда үкіметке қарсы жаппай шеру өтті

Жиналған жұрт ел президенті Жаир Болсонарудың жұмысын сынға алды.

Инфляция кесірінен қымбатшылыққа тап болған халық мемлекеттен көмек сұрап, жұмыссыздыққа қарсы тұруды талап етіп отыр. Жаңбырға қарамастан Сан-Паулу көшелеріне жиналған жұрт түрлі баннер ұстап, “газ, тамақ, бәрі қымбат” деп ұрандатты. Бұл сайлауға бірнеше апта қалғанда, Болсонарудың президенттікке үміткер болуына кедергі келтіреді, дейді  сарапшылар. 

Гаитиде мыңдаған адам ереуілге шықты

Гаитиде де мыңдаған адам ереуілге шықты. Ел астанасы Порт-о-Пренс және басқа да ірі қалаларда наразы халық түрлі плакаттар ұстап, полициямен қақтығысты. Жиналған жұрт ел премьер-министрі Ариэль Генридің  отставкаға кетуін талап етіп отыр. Олардың сөзінше, елде жұмыссыздық пен кедейлік көбейген. Ашуға ерік бергендер көліктерді өртеп, құқық қорғаушыларға қарсы тұрды. Полиция жұртты  тарату үшін көз жасаурататын газ  қолданған. Гаитите инфляция 30 проценттен асқан, азық-түлік және жанармайдың құны шарықтап кеткен. Елде ұрлық, зорлық-зомбылық пен қылмыс саны ұлғайды.