Украинадағы қарулы қақтығыс жаңа кезеңге аяқ басты

Украинадағы қарулы қақтығыс жаңа кезеңге аяқ басты

Елдің қарулы күштері бірнеше күн ішінде Ресей әскерилері соғыс басталғалы ұстап отырған жерлерді қайтарып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқыншыларға қарымта шабуыл ұйымдастырып, елді мекендерді азат етіп жатыр. Осының әсерінен Украина үлкен қарқынмен алға жылжып, Оскилл өзеніне дейін жетіп, Донбастағы соғыс картасын қайта сызып шықты. Осы шабуылдардан кейін сарапшылар Украинаның жеті айға ұласқан соғыстың мәнмәтінін өзгертіп жібергенін айтады. Ал Украина президенті Владимир Зеленский CNN телеарнасына берген сұхбатында қазір Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге дайын емеспін деді. Ресей президенті Владимир Путин Украинада «әсери операция бастайтынын» жариялағалы 201 күн өтті. Ал қыркүйектің басынан қарулы қақтығыс жаңа кезеңге аяқ басты. Украина Президенті Владимир Зеленский елдің қарулы күштері Харьков және Херсон облысында аумағындағы бірақатар елді мекенді азат еткені жайлы мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Украиналық әскерилер 1 қыркүйектен бері Харьков және Херсон облысында аумағы мың шаршы шақырымнан асатын ондаған елді мекенді азат етті. Бұған атсалысқандардың бәріне, оның ішінде әскерге, барлау қызметіне, арнайы қызмет өкілдеріне алғыс айтамын. 

Ал өткен сенбіде ресми Киев Балаклеяда Украина туы көтеріліп, ұлттық әнұран шырқалып жатқан сәтті жариялады. Сонымен қатар украин жауынгерлері Харьков облысында Ресей әскеріне күтпеген жерден соққы беріп, оларды Изюм, Купянск секілді стратегиялық маңызы зор қалалардан қашуға мәжбүр еткен.

Алексей Громов Украина армиясы бас штабының бас жедел бөлімі басшысының орынбасары:

– Харьков облысындағы әскери іс-қимыл нәтижесінде біз 20 елді мекенді қарсыластың бақылауынан босаттық. Краматорск түбінде біздің армия өзінің тактикалық жағдайын жақсартты. Шабуыл аясында аймақтық қорғаныс әскерінің 103-ші бригадасының бөлімдері мен Ұлттық гвардияның 15-ші батальоны қарсыластың тылына 3 шақырымға дейін еніп, Озерное елді мекенін босатты.