Санкция салдарынан Еуроодаққа 123 миллиард еуро шығын келген

Санкция салдарынан Еуроодаққа 123 миллиард еуро шығын келген

Әлемнің ең ірі экономикаларының бірі – 27 елді біріктіретін Еуроодақ. Бірлестік Украинадағы шиеленіске байланысты Ресейге қарсы санкциялардың осымен сегізіші пакетін мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Импорт пен экспортқа қатысты сондай шектеулер салдарынан одаққа 123 миллиард еуро шығын келген. Бұл былтыр екі ортадағы тауар айналымының 40 пайызынан асады. Соңғы сегізінші санкциялар пакетіне сәйкес Ресейден сомасы 7 миллард еуроға тауар импорттауға тыйым салынды. Шектеу қатарында қара металлургия, химиялық қоспалар, косметика, пластмасса, қағаз және басқа өнімдер бар. Соңғы «қара тізімге» бас-аяғы 140 тауар түрі кірген.

Игорь Ананских, Мемлекеттік Думаның энергетика жөніндегі комитетінің өкілі:

– Санкциялардың жаңа пакеті Еуропалық одақ экономикасының өзіне ауыр соққы болады. Өйткені Ресейден жеткізілетін мұнай еуропалық тұтынушылар үшін ең арзан шикізат саналады. Сондықтан шектеу шарасы тұрғындардың өмір сүру деңгейін төмендетіп, кәрі құрлықта өнімдердің қымбаттауына әкеп соқтырады.

Алайда Еуроодақ өкілдері санкциялардың көмегімен Ресей экономикасына түсетін салмақты одан әрі арттыруға ниетті.

Урсула фон Дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Санкцияға ұшыраған тауарлар қатарында жартылай өткізгіштер де бар. Бүгінде олар көліктен бастап медициналық жабдыққа дейінгінің бәрінде қолданылады. Чиптерсіз экономиканы елестету мүмкін емес. Сондықтан жартылай өткізгіштерді Ресейге экспорттауға тыйым салынды.

Былтыр Еуроодақтан Ресейге осы жартылай өткізгіштердың экспорт көлемі 800 миллион доллар шамасында болған екен.