Оңтүстік Кореяда Хэллоуинге қатысты ойын-сауық шаралары өтпейтін болды

Бұл – Сеулдегі оқиғаға байланысты қабылданған шешім. Қалада мерекені атап өтуге жиылған жұрт бірін-бірі таптап, соңғы мәлімет бойынша 154 адам қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 100-ден астамы жарақат алған. Марқұмдар арасында біраз шетелдік бар. Соның бірі – қазақстандық студент қыз. Корея университеттерінің бірінде магистратурада оқып жүрген 26 жастағы отандасымыз достарымен бірге Хэллоуин фестиваліне барған екен. Жалпы бұл мереке коронавирусқа байланысты екі жыл өтпеген. Биыл шектеу болмағасын адам да көп болған. Жиналғандардың дені – 17 мен 30 жас аралығындағы азаматтар. Арнайы құрылған жедел штабқа із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы арыздар әлі түсіп жатыр. Қазір іздеушілерден 4200-ден аса өтініш келген. Қайғылы оқиғаға байланысты Оңтүстік Кореяда ұлттық аза тұту жарияланды.