Қырғызстанда төтенше жағдайдың күші жойылды

Қырғызстанда коронавирус індетіне орай қабылданған төтенше жағдай тоқтатылды. Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталғандықтан үкімет осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қырғызстанда төтенше жағдай 2020 жылдың наурыз айында жарияланды. Сол кезде науқастар саны күрт өсіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша үкімет аурудың тарауына қарсы шұғыл шаралар қабылдаған болатын. Өзге елдер секілді шекара мен әуе кеңістігін жауып, теміржол мен автокөлік қатынасын тоқтатуға тура келді. Бұл шаралар өлім-жітім көрсеткішін азайтып, жұрт дельта мен омикрон штамдарының ерекшеліктерін біле бастады. 

Нұрлан Оморов, неврология бөлімінің жетекшісі.

– Дельта қантамырлар жүйесінің ұюына әкеп соқтырады. Іс жүзінде бұл толық жүйені бұзады, жасушалық деңгейде бұзылыстар болғандықтан гипертабуляция, яғни жүйенің ұюы болады. Ал омикронмен салыстырсақ, ол бізде жеңіл өтті. Иә, халық арасында тез тарап кетті, бірақ инсульт секілді асқынуларды өте сирек байқадық.

Соңғы аптада елде коронавирусты 53 адам жұқтырды, ал жыл басынан бері 22 мың науқас анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, статистикалық көрсеткіштер жасыл аймақтан аспады және айтарлықтай қатер төндіріп тұрған жоқ. Дәрігерлер бұдан гөрі маусымдық респираторлық ауруларға алаңдап отыр. Ол әсіресе аға буынға қауіпті. 

Динагүл Оторбаева, Қырғызстан мемлекеттік санэпидбақылау департаменті эпидбасқармасының басшысы:

– Егде жастағы кісілердің көбісінде созылмалы аурулары бар. Әдетте олар аурып қалдым дейді. Бірақ ауруы вирусты респираторлық инфекцияларға тән белгілерден басталғанына мән бермейді. Сондықтан қоғамдық орындарға барғанда, оларға сақ болып, бетперде тағуға кеңес береміз.

Осыдан бір жыл бұрын Түркия, Қазақстан және Ресеймен әуе қатынасы қалпына келді. Дегенмен туристер қатаң санитарлық шараларды сақтап, қолдарында ковидке теріс тест болуы тиіс еді. Ал Қырғызстан мен Қазақстан арасында автокөлік биыл сәуір айында қайта жанданды. Алайда ковидке қатысты талаптарты сақтауға міндетті болған. Енді Қырғызстан билігі олардың күшін жоятын кез келді деп отыр.

Бақыт Чермашев