Шуша қаласы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін алды

Бурса «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін Әзірбайжанның Шуша қаласына табыстады.

Бурса «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін Әзірбайжанның Шуша қаласына салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бауырлас елдердің басы қосылған мерекелік шараға Әзірбайжан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттері мен  Ресейден арнайы келген ұжымдар өнер көрсетті.

Алинур Акташ, Бурса провинциясы мэрі:

- Миссиямызды аяқтағанымызға қуаныштымыз. Осы ретте соңғы тұрақты кеңесте Түркі әлемінің мәдени астаналарын үйлестірушісі міндеті бізге жүктелді. Біздің бұл іс-шаралардың барлығы бауырлас елдердің ынтымықтастығын арттыруға себепші болады деп үміттенемін.

Бурсада жыл бойы түркі мәдениетін әлемге таныту мақсатында 50- ден астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.  Құтлық қаған ескерткішімен танысу, бүкіләлемдік көшпенділер ойындары көне шаһарда өтті. Мұнда мыңдаған турист келді.

Ферхат Өзканэр, журналист:

- Түркі әлемінің мәдени астанасы атанғалы төрткүл дүниедегі тамырластарымыз Бурсада бас қосты. Біз бай мәдениетімізді, тарихымызды, өнерімізді жаңа қырынан таныдық. Алдағы жылдарда басқа да қалалар мұндай мәртебеге ие болады деп үміттенеміз. Себебі елімізде бір- біріне ұқсамайтын ерекше 81 провинция бар.

Акын Аху, Дәстүрлі садақ ату қауымдастығы басшысы:

- Туыстас елдерден келген әріптестерімізбен танысып, байланыс орнаттық. Алдағы уақытта басқа да жобаларда осылай бас қосамыз деген ниеттеміз.

«Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі алғаш рет 2012 жылы Астана қаласына берілді. Араға бес жыл салып  Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Енді Шуша қаласы Әзербайжанның мәдени астанасы болып жарияланды.

Авторы: Меруерт Қанағат