АҚШ: жаппай оқ жаудыру қашан тоқтайды?

GUN VIOLENCE ARСHIVE – қару-жарақтың құрбандарын есепке алатын коммерциялық емес ұйым. Оның 14 желтоқсандағы мәліметі бойынша АҚШ-та 628 жаппай оқ ату дерегі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр ел аумағында қоғамдық орында 690 рет оқ атылған. Ең қанды оқиға осыдан он жыл бұрын тіркелді. Ньютаун қаласындағы Сэнди-Хук мектебінің бастауыш сыныбы оқушыларына 20 жастағы қандықол оқ жаудырады. Қайғылы жайттан  бірінші сыныптағы 20 бала көз жұмып, алты ересек қайтыс болды. Сол кездегі президент Барак Обама да көз жасын тия алмады.

Барак Обама, АҚШ президенті, 2012 жылы:

- Әп-әдемі 5 пен 10 жас аралығындағы кішкентай бүлдіршіндер. Оларды болашақта туған күндері, мектеп бітірулері, үйлену тойлары, өз балалары күтіп тұрған еді.

Обама жазықсыз америкалықтар қайтыс болған оқиғаларды жіпке тізіп, мұндай жайт енді қайталанбауы керек, сол үшін маңызды шаралар қабылдауымыз қажет деп мәлімдеген еді. Бірақ АҚШ қоғамы қару-жараққа тыйым салу мәселесінде әлі екіге жарылып тұр. Бірі өзін қорғау үшін суық қаруды шектеуге қарсы, енді бірі қашанғы бейбіт күнде азаматтардан айырыламыз дейді. Қайғылы оқидан баласын жоғалтқан ата-аналар да арнайы ұйым құрып, зорлық-зомбылықты тоқтату үшін күресіп жүр.

Николь Хокли, Sandy hook promise ұйымының белсендісі:

- Біз жаппай оқ атуды тоқтауымыз керек. Соңғы он жылда миллион адам зардап шекті. Тек биыл менің ойымша 40 мың адам оққа ұшты. Оның қаншамасы 19 жасқа дейінгі балалар. Орташа есеппен тәулігіне кем дегенде екі рет оқ атылады.

Жалпы АҚШ-та мектепке келіп, бейкүнә оқушыларға оқ жаудыру оқиғасы жиі болады. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметі бойынша 2021 жылы 250 білім ошағында мылтық атылса, биыл 292 мектеп үрей құшағында қалды.

Мамырдың 24-і Техаста қандықол 19 бала мен 2 мұғалімді атып тастады. Содан кейін маусымда Джо Байден жартылай автоматтарды жастарға және қоғам үшін қауіпті тұрғындарға сатуға шектеу туралы заңға қол қойды. Соған қарамастан қару-жарақ төңірегіндегі талас-тарыс әлі нақты шешілген жоқ. Бей-берекет оқ ату тыйылмай тұр. Таяуда ғана Вашингтон маңайындағы Мэриленд штатында 9-шы сынып оқушылары жанжалдасып, бір жасөспірім оқ жарақатымен ауруханаға түсті. 18 мың адам мектептің онлайн жиналысына қатысып қауіпсіздікке алаңдаушылық білдірген.

Авторы: Нұрбек Бекен