Солтүстік Македонияны түтін тұмшалады

Солтүстік Македонияны түтін тұмшалады

Ауаның ластануына байланысты ел билігі төрт қалада төтенше шаралар қабылдауда.

Атап айтқанда, жүкті әйелдер мен 60 жастан асқан қызметкерлер бүгін жұмыстан босатылды. Қаладағы көлік қозғалысы шектеліп, барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Демікпесі және тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше сақ болу қажеттігі ескертілді. Ал улы түтіннің шығу себебі белгісіз. Дегенмен, ел билігі  ағаш пештерін пайдалану, жылыту маусымында мазут пен көмірді жағу, көліктердің көптігі, сондай-ақ өнеркәсіптік шығарындылар себеп болуы мүмкін дейді. Айта кетерлігі, Македония астанасы Скопье қолайсыз экологиялық антирейтингте үнемі көш басында. Қала Бішкек пен Лахордан кейінгі ауасы ластанған әлемдегі үшінші шаһар. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын 2 миллионнан астам халқы бар шағын елде 3 мыңнан астам адам лас ауадан қайтыс болады, деп дабыл қақты.