Әлемді дүрліктірген оқиғалар

Әлемді дүрліктірген оқиғалар аз болған жоқ. Соның ең бастысы Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс екені сөзсіз.

Бұдан бөлек, Иранда орын алған толқулар, Ұлыбританиядағы саяси сілкіністер де жұмыр жер жұртшылығының назарында болды. Сонымен биылғы жыл ел есінде қандай оқиғалармен есте қалды?

2022 жылдың басты саяси оқиғасы - Украина дағдарысы. Ақпанның 24-і басталған қарулы қақтығыс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қашан аяқталары белгісіз. Белгілісі, екі ел арасындағы ұрыстан мыңдаған адам қайтыс болды. БҰҰ мәліметі бойынша он айда Украинада 7 мыңға жуық бейбіт тұрғын көз жұмған. Бірақ бұл сан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, дейді сарапшылар. Шиеленіске байланысты елде көші-қон дағдарысы да ушығып, Еуропа елдеріне 8 миллионға жуық украиналық босып кетті. Осыған байланысты әлемдік қауымдастық Ресей билігінің әрекетін қатаң сынға алып, мемлекетті халықаралық және спорттық шаралардан шеттетті. Еуроодақтың өзі биыл санкциялардың тоғыз бірдей пакетін бекітті.    

Шарль Мишель, Еуропалық кеңестің Президенті:

- Бұл біздің Ресейдің Украинаға қарсы әрекетін қатаң айыптап, оны тоқтату үшін барлық күшімізді салып жатқанымызды көрсетеді. Бірақ Еуропалық Одақ азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмей бұл мәселеде өзіне алған міндеттерді орындайтынына кепілдік береді.

Саяси өмірдегі сілкініс

Биыл Ұлыбританияның саяси өмірінде де ел күтпеген сілкініс болды. 71 жыл бойы тақта отырған Елизавета екінші өмірден озды. Екі айда үш премьер ауысты. Бірінші болып Борис Джонсон отставкаға кететінін жариялады. Өз депутаттарының қолдауынан айырылған Премьер-министрдің қызметінен кетуіне саясаткер төңірегіндегі дау түрткі болды. Локдаун кезінде жұрт 4 қабырғаға қамалып отырғанда, Джонсон сауық кештерін өткізіп, көңіл көтерген. Бұдан кейін де оған қатысты біраз былықтың беті ашылды. Сөйтіп премьер орынтағына  Лиз Трасс отырды. Бұл кезде корольдікте инфляция шарықтап, экономикалық дағдарыс өршіп тұрған. Халықтың тұрмысын жақсартамын деген Трасс салыққа қатысты бастамаларды қолға алды. Алайда олар сәтсіз аяқталып, жоспарын өзгертуге тура келді. Өзге саясаткерлер мен қарапайым халық тарапынан қатаң сынға ұшыраған үкімет басшысы отставкаға кететінін жария етті. Сөйтіп ол үкімет басында небәрі 45 күн ғана отырып, елді ең қысқа уақыт билеген премьер-министр атанды. Лиз ханымды 42 жастағы этникалық үндіс Риши Сунак алмастырды. Ол кейінгі екі ғасырда билікке келген ең жас премьер атанды. 

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

- Маған дейін үкімет басқарған Лиз Трассқа ерекше құрметімді білдіргім келеді. Ол ел экономикасын өрге сүйреймін деп біраз ниеттенді. Бұл дұрыс. Мен оның өзгеріс енгізуге деген құштарлығына таң қалдым. Бірақ кейбір қателіктерге жол берді. Мен оларды түзеу үшін премьер-министрлікке келдім. Және бұл жұмысқа білек сыбана кірісемін.

Елді жайлаған ереуілдер

Ағымдағы жылы Иран билігі де біршама қиындыққа тап болды. 22 жастағы Махса Аминидің қазасынан кейін елде жаппай ереуілдер басталды. Ол әлі күнге дейін басылмай келеді. Оны тоқтату үшін тәртіп сақшылары шерушілерге күш қолдана бастаған. Жалпы, Құқық қорғаушылар келтірген мәлімет бойынша қыркүйектен бері наразылық акциясына шыққан 500 адам қайтыс болған. Бірақ жергілікті билік мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

Захра Эршади, Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары:

- Махса Аминидің өлімі халық үшін де, билік үшін де ауыр тиді. Бұл оқиғаға өкінеміз және болашақта осындай жағдайға куә болмаймыз деп үміттенеміз. Жіті тергеу жүргізіп, нәтижелерін БҰҰ-на мүше елдер мен ұйыммен байланысты мекемелерге тапсырдық. Иран әйелдері ақылды, білімі бар, отансүйгіш жандар. Олар өз құқықтарын біледі. Сондықтан батыс елдері өздерін Иран әйелдерінің қорғаушысы ретінде көрсетіп, олардың атынан сөйлемеуі керек.

Иран билігінің әрекетін әлемнің бірқатар мемлекеті қатаң айыптады. Санкция салып, БҰҰ-ның әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясынан шығарды. Жақында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі,,,Иран билігінің ереуілдерді күшпен басу әрекетін тергеу туралы қарар қабылдау үшін дауыс берді. Алайда Ислам Республикасының билігі мұны елдің ішкі істеріне араласу деп бағалап отыр.