Норвегияда электрмобиль сатылымы артты
Норвегияда соңғы жылдары электрмобиль сатылымы едәуір артты. Бұған биліктің көліктің осы түрін салықтан босатуы әсер еткен.
Мысалы, былтыр осы елде сатылған барлық көліктің 80% жуығы электрмобиль болды. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш 3% болған. Ал сатылым бойынша алғашқы орында «Тесла» тұр. Одан кейін жергілікті тұрғындар «фольксваген» мен «шкода» электркарларын көптеп алады екен. Сарапшылар Норвегия 2025-ші жылы бензинмен қозғалатын көліктерден толықтай бас тартуы мүмкін деп отыр.
Эгил Браадланд , Норвегия көлік қауымдастығының үкіметпен байланыс жөніндегі басшысы:
- Норвегиядағы элтекрмобильге байланысты саясат өте жақсы нәтиже беріп жатыр. Бұл осы көлікке қатысты салық жүйесімен байланысты. Қазір елде әр бесінші көлік электрмобиль. Бірақ билік қазіргі салық саясатын өзгертетін болса бұл үрдіске кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ал Оңтүстік Кореяда Тесла компаниясына 2,23 млн доллар айыппұл салынды. «Компания тұтынушыларға суық күндері көліктің энергиялық қуаты азаятынын ескертпеді», - дейді билік өкілдері. Зерттеуге қарағанда күн суытқанда ТЕСЛА электрмобильдерінің қуаты 50% төмендеп кетеді екен.