Қырғызстанда дәрігерлерге қатысты дау жалғасып жатыр
5 медицина қызметкері Жаңа жыл қарсаңында қамауға алынған еді. Өйткені ауруханада бала қайтыс болған. Кішкентайдың туыстары құқық қорғау органдарына диагноз дұрыс қойылмады деп арызданған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді осы екі ортада елдегі өзге дәрігерлер жаппай жұмыстан кетеміз деп дүрлігіп жатыр.
Бұл оқиға өткен жылдың соңында басталған. Қарашада іші ауырған баланың әке-шешесі дәрігерлердің көмегіне жүгінеді. Алайда ақ халаттылар аурудың нақты себебін анықтай алмаған. Біраздан соң кішкентай көз жұмады. Оның қазасынан кейін жасалған тексеру нәтижесі балада перитонит пен ішектің бітелуі болғанын көрсеткен. Марқұмның ата-анасы милицияға арыз жазған. Алайда сарапшылар алдымен дәрігерлердің кінәсінің дәрежесін анықтап алу керек еді,- дейді.
Бермет Барыктабасова, Медицина қызметкерлері тәуелсіз кәсіподағының төрағасы:
- Өкінішке қарай бұл жағдайда бәрі керісінше жасалды. Алдымен клиникалық сараптама жүргізілу керектін. Дәрігерлер қалай әрекет етуге тиіс және қандай шаралар қабылдамады - осыны анықтап алу керек болатын.
Марқұм алдымен қалалық балалар ауруханасына түскен. Алайда ондағы мамандар нақты диагноз қоя алмағасын, науқас Ана мен баланы қорғаудың ұлттық орталығына жіберілген. Бала сол жерде қайтыс болған. Қазір осы іске қатысты 6 күдікті бар. Жаңа жыл қарсаңында қамауға алынған бесеуі қазір Бішкектегі уақытша ұстау изоляторында отыр. Біреуі - үй қамақта. Олар кәсіби міндеттерін дұрыс орындамады,- деп айыпталып отыр. Кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Арсен Аскеров, Медицина ғылымдарының докторы:
- Кінәлілер одан да көп болуы ғажап емес. Өйткені бұған тек дәрігерлер ғана емес, басқа да медицина қызметкерлері жауапты болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қамауда отырған дәрігерлер тез арада босатылады деп сенеді. Тиісті мәлімдеме ведомствоның Фейсбектегі парақшасында жария етілген. Ал медицина қызметкерлерінің кәсіподағы әлеуметтік желіде ақша жинап жатыр. Қаржы дәрігерлерді қорғайтын адвокаттарды жалдауға жұмсалады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев