АҚШ: TikTok – бұл «есірткі»
Тикток Қытайдың америкалықтарға ұсынып отырған цифрлық есірткісі.
АҚШ депутаты Майк Галлахер осылай деп мәлімдеді. Таяуда ғана Индиана штатының бас прокуроры жалған жарнама жасағаны үшін Тиктоктың үстінен сотқа шағым түсірді. Қытай билігінің қадағалауындағы әлеуметтік желіге Вашингтонның күмәнмен қарайтыны белгілі. Ал қарапайым қолданушылар не дейді? АҚШ-тан тілшіміз Нұрбек Бекен тарқатады.
Республикашыл депутат Майк Галлахер Тиктокты АҚШ аумағында пайдалануға тыйым салу керек деп есептейді. Жаңа Конгресстегі арнайы комитеттің төрағасы қытайлық әлеуметтік желі есірткі сияқты тез тәуелділік арттырады, әсіресе жастарға кері әсер етеді деп отыр. Сондықтан депутат Тиктокты тұсау үшін табандылық танытып күресуге бел буып отыр.
Майк Галлахер, Республикалық партия өкілі:
- Америкадағы ең ықпалды медиа-кеңістікте Қытай коммунистік партиясы бақылау жүргізіп отырғанын қалаймыз ба? Біз соны сұрауымыз керек. Ал бұл мені алаңдатады. Сондықтан Сенаттағы әріптестерім үкіметтік құрылғыларда Тиктокқа тыйым салу жөніндегі заңды бірден қабылдағанына қуандым. Енді біз ұлттық деңгейде тыйым салуымыз керек.
Алайда кейбір жастар тек Тикток емес, әлеуметтік желілердің барлығы адамдар туралы мәліметтерді жинап, өздеріне пайдаланады деп есептейді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге тыйым салғанымен, қарапайым тұтынушы құқығының шектелгенін қаламайды.
Эдуард:
- Ішім пысқанда күнде тикток көремін. Онда менің оқырмандарым көп, егер тиктокты жапса көңіл-күйім түседі.
София:
- Меніңше Тиктоктың еш зияны жоқ. Ол басқада әлеуметтік желілермен тең. Мүмкін Тиктокты шектеудің басқа да біз білмейтін себептері бар шығар. Трамп та осы мәселені қозғағаны есімде. Ол қытайлықтар біздің ақпаратты ұрлап жатыр деп ойлады. Ал меніңше, егер бізде айфон болса, онда жеке ақпараттырымыз онсыз да сақтаулы.
Дэниель:
- Мемлекеттік қызметкерлерге тиктокқа тыйым салынғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал егер қарапайым халыққа да пайдалануға болмаса, бізге алдымен оның қауіпін түсіндіріп айту керек деп ойлаймын. Тиктокта бізді аңдып отырғандарын онсыз да білеміз.
Бұған дейін АҚШ Барлау қызметінің басшысы Тикток америкалықтарға қауіпті екенін айтып, халықты сақ болуға шақырды. Өйткені Тиктоктың бас компаниясы ByteDance бірнеше америкалық журналистің жүріп-тұрғанын аңдығаны ашылып қалды. The Financial Times-тың жазуы бойынша Тиктоктың АҚШ-тағы және Қытайдағы қызметкерлері ішкі ақпаратты журналистерге тарату бойынша тексеру жүргізіп, журналист Кристина Криддлдың IP адресатын, жеке мәліметтерін алған. Сол арқылы тілшінің Тикток қызметкерлерімен кездескенін анықтамақ болған. Өткен айда компания мәліметтерді заңсыз алған төрт адамды жұмыстан шығарып жібергенін мәлімдеді. Ал таяуда Индиана штатының бас прокуроры Тикток Apple Store, Google Play Store-да жалған жарнама берді, жас ерекшелікті 17+ деп беруі керек деп сотқа шағым түсірді.
Эбби Стемлер, Индиана Университеті іскерлік құқық және этика профессоры:
- Тиктоктың жас ерекшелігін 12+ деп көрсетуіне байланысты басқа да штаттардан сотқа шығым түсуі жиілеуі мүмкін. Заң шығарушылар технологиялық компанияларды жүйесін жетілдіріп, қауіпсіз интернет және жастарды қорғау үшін қысым жасап, талап қоюы мүмкін.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп та Тиктокқа тыйым салмақ болды. Бірақ сөз бостандығын шектеу деп есептеліп, бастамасы аяқсыз қалған еді. Бір қызығы Қытайда Facebook, Instagram, Twitter сияқты батыстық әлеуметтік желілер бұғатталған. Ал қытайлық Тикток АҚШта қысқа уақытта ең танымал платформаға айналып үлгірді.
Нұрбек Бекен