Өзбекстандағы улы шәрбат дәріхана сөрелерінен алынып тасталды
Өзбекстанда құрамынан улы зат табылған шәрбат, дәріхана сөрелерінен алынып тасталды.
Ал 60 мың қорап препарат, кеденнен кері қайтарылып жатыр. Оның зауалынан елде 20-ға тарта бала ажал құшып, тағы бірнешеуі жансақтау бөліміне түсті. Бұл жайында Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Жаңа жыл қарсаңында бауыр еті баласына шарқ ұрып шипа іздегендердің ендігі күйі тіпті мүшкіл. Дертіне дауа болады деп алынған шәрбаттың зауалы керісінше 19 бүлдіршіннің өмірін қиды. Самарқанд облысы ғана емес, басқа да өңірлерден қайғылы хабар жетті. Дәрі импортына жауапты мекеме басшысы қызметінен қуылды. Ал өлімге себеп болған «Док-1 Макс» препаратының сатылымы тоқтады.
Цитата: Денсаулық сақтау министрлігі
Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау зертханасының «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттарының сапасын тереңдетілген тексеру нәтижелері бойынша нормативтік құжатта көрсетілген құрамның сәйкессіздігі анықталды. Осы препараттардың кейбір серияларында пропиленгликольдің орнына этиленгликоль және диэтиленгликольдің көп мөлшері бар екені анықталды.
Қазір жауапты министлік Ташкент қалалық сотына арыз түсірді. Енді дистрибьютер компанияға тиесілі «Док-1 Макс» және «Амбронол» дәрісінің сертификаты жойылады. Ал желтоқсаннан бері кеденде тұрған 60 мың қорап препарат өндірушіге кері қайтарылады. Өлім-жітім көрсеткіші тағы көбейе ме деген қауіп те бар. Сырдария, Ферғана облыстарында улы шәрбат ішкен 3 бала әлі ауыр халде жатыр.
Олтынай Есенова, дәрігер:
- Бастапқыда 7 бала жансақтау бөліміне түскен. Кейін 4-еуі айығып шықты. Олардың жағдайы жақсарып келеді. Қалғандары ауыр халде. Ем-дом жасауды жалғастырудамыз.
Талдау-тексеру нәтижесі өндірушінің препаратқа этиленгликоль элементін 300 есе көп қосқанан көрсетті. Көрші ел билігі 20-ға тарта баланың өліміне жол бергендерді жауапқа тартамыз деп отыр. Бұрынғы денсаулық сақтау министрінің қызметтен кету себебі де осы.
Айта кетейік, бұл дәрі Қазақстанда сатылмайды. Ал Өзбекстанға Үндістаннан импортталып келген.