Қытайда эпидахуал нашарлап барады

Бертінге дейін коронавируспен күресте жақсы нәтиже көрсетіп келген Қытайда эпидахуал нашарлап барады.

Ірі қалаларда ауруханада науқастарды жатқызатын орын тапшы. Ал тұрғындар мен шетелдік сарапшылар ресми статистикаға сенбей отыр. Айтуларынша, шындығына Қытайдағы жағдай әлдеқайда күрделі болуы мүмкін. Ұлыбританияның да денсаулық сақтау саласына оңайға соқпай отыр. Өйкткені маман тапшы. Ал Германияда дәрі-дәрмек жетіспей жатыр. 

Мынау Шанхайдағы аурухана. Ине шаншар орын жоқ. Адам толып жүр. Барлығы - коронавирус жұқтырғандар мен олардың жақындары. Көбі - егде жастағы азамат. Қалада 25 млн тұрғын бар. Алдын ала мәлімет бойынша, солардың 70% вирус жұқтырған болуы мүмкін. Шанхай халқы ұзақ уақыт бойы локдаунда отырған еді. Шектеу шараларының алынғанына көп болған жоқ. Қытайдың өзге қалаларында эпидахуал ушығып тұр. Мәселен, Бейжің ауруханаларында науқастарды жатқызатын орын жетпейді. Жерлеу бюросының өкілдері,,,қызметіне жүгінгендер саны күрт артқанын айтады. Ал Ресми мәліметке сүйенсек, шығысымыздағы көрші елде кеше ковидтен 5 адам қайтыс болған. Бірақ халықаралық сарапшылар бұл сан әлдеқайда жоғары екенін айтады. Мәселен, британдық Airfinity компаниясының есептеуі бойынша, Қытайда күн сайын індеттен шамамен 9 мың адам көз жұмуы мүмкін.

Зейнеткер:

- Мен биліктің жария етіп отырған деректеріне сенбеймін. Мәселен, менің таныстарымның отбасында коронавирустан 4 адам қайтыс болды. Бұл бір ғана отбасы. Сондықтан ресми стаистикаға күмәнмен қараймын. Біз шындықты білгіміз келеді.

Бірнеше ел Қытайдан келген азаматтарға қатысты шектеу шараларын енгізді. Енді олар ПТР-тест тапсыруға міндеттеледі. Тиісті талап туралы Ең алғашқылардың бірі болып  Жапония билігі жариялады. Ертеңнен бастап ұқсас ереже АҚШ-та, Еуроодақ елдері мен Ұлыбританияда да күшіне енеді. 

Фумио Кисида, Жапония Премьер-Министрі:

- 8-ші қаңтардан бастап құрлықтық Қытайдан келгендердің барлығы ПТР-тест тапсыруға міндеттеледі. Олардың қолында тексерудің теріс нәтижесі болу керек.  Бұдан бөлек Қытайдан ұшып келетін қосымша рейстерге шектеу қоюға тура келеді.

Алайда өзге ел басшылығының шешімі Қытай билігінің көңілінен шықпай отыр. Олар мұны кемсітушілікке бағалады.  

Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Өзге елдердің коронавирус пандемиясымен күреске қатысты қабылданған шаралары ғылыми тұрғыдан дәлелденген болуы тиіс. Бірақ олар саяси айла-шарғылар үшін қолданылмау керек.

Қазір тек Қытайда ғана емес, британдық дәрігерлердің де жұмысы артқан. Оған денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс себеп. Елде дәрігер жетіспей жатыр. Өйткені жалақысы аз. Сөйтіп қазір 130 мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Ал бар ауыртпалық өзге медицина қызметкерлерінің мойнына түсіп отыр. Еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен ақ халаттылар жақында жалпыұлттық ереуіл өткізген. Алайда билік бұл мәселеге қатысты нақты шешім әлі қабылдаған жоқ. 

Германия фармацевтері «дәрі тапшылығына қарсы шұғыл шара қолдану керек», дейді. Федерация қауымдастығы жаңа жыл қарсаңында кейбір препартатарды таппай қалдық деп дабыл қағып отыр. Мамандардың сөзінше, оларды жеткізуде соңғы 4 айда айтарлықтай қиындықтар туындаған. Қазір антибиотиктер, қызуды басатын, ауруды жеңілдететін асқазанға арналған дәрілер жетіспейді. Басты себеп - дәрінің көбі өндіруші компанияларда жоқ, бұған шикізат тапшылығы себеп болуы мүмкін. Енді фармацевтер ұйымы ішкі өнімді арттырып, кейбір компанияларға қойылған шектеулерді алып тастау керектігін алға тартып отыр. Ал Германия билігі  тұрғындарға байбалам салмай, керексіз сауда жасамай, тек қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға кеңес береді.