Ұлыбританияда даулы заң жобасы талқыланды
Ереуілдер кезінде білім, денсаулық сақтау, құтқару қызметінде еңбек ететіндердің белгілі бір бөлігі жұмыс орындарын тастамауы керек. Ұлыбритания үкіметі жаңа даулы заң жобасын талқылауға шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кәсіподақтар оны «демократияға қайшы» деп қатаң сынға алып, сотқа жүгінетіндерін мәлімдеді. Даунинг-стрит жаңа бастама халықты қорғау үшін қажет деп айтқанынан қайтпай отыр. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтасын.
Өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты Ұлыбританияда бұрын-соңды болмаған ереуілдер белең алды. Мұғалімдер мен медбикелерден бастап, теміржолшылар мен автобус жүргізушілеріне дейін жалақыларын өсіруді талап етуде. Мұндай жағдай қарапайым халықтың мазасын қашырды. Ауруханаларда ұзын-сонар кезектер пайда болды, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай әлек.
Грант Шаппс, Ұлыбритания Бизнес министрі:
- Мен ұсынған заң жобасына сәйкес негізгі мемлекеттік қызметтердің жұмысы тоқтамауы керек. Яғни, адамдардың өміріне қауіп төнбеуі тиіс. 6 маңызды саланы қарастырып жатырмыз. Олар: денсаулық сақтау, білім, өрт сөндіру, құтқару қызметі, көлік, шекара қауіпсіздігі және ядролық қондырғыларды пайдалануға беру қызметі. Ереуілдер кезінде осы мамандардың бір бөлігі міндетті түрде жұмыста болуы қадағаланады. Біз бұл заңнаманы қабылдағымыз жоқ, бірақ британиялықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек.
Халық дер кезінде жедел жәрдемнің келетініне сенімді болуы керек. Бұдан бөлек, пойыздар мен автобустардың тоқтап қалатынынан қорықпауы қажет. Әсіресе аз қамтылған адамдар үшін. Үкіметтегілердің пікірінше, бұл заң ереуілшілердің құқығын мүлдем шектемейді және Франция, Италия, Испания, Германия сияқты дамыған елдерде бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіподақ ұйымдары болса, жаңа бастама тараптардың дауларын шешуде қиындықтар туындатады деп санайды.
Онай Касаб, Unite кәсіподақ ұйымының өкілі:
- Ұсынылған заңнама қабылданса, жұмысшылар жалақыларын көбейтуді талап ете алмайды. Өндірістік қатынастарды бұзып, ереуілдердің жиілеуіне әкеледі. Заңға сәйкес наразылыққа шыққысы келгендер жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бағынбаса қызметтен қуылады. Заң қабылданған жағдайда біз сотқа шағым түсіреміз.
Оппозициялық партияның пайымдауынша, биліктегілердің сәтсіздіктері соңғы онжылдықтарда болмаған ереуілдерді туғызды. Үкімет күрмеулі мәселелермен күресудің орнына наразылыққа шыққан медбикелер мен мұғалімдерді қызметтен шеттететін заңнаманы қолға алып жатыр.
Анжела Рейнер, Лейборшылар партиясы көшбасшысының орынбасары:
- Менің бір сайлаушым жедел жәрдемді 1 сағаттан аса уақыт күтіп, қайтыс болды және бұл жағдай ереуілдер кезінде болған жоқ. Үкімет денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешіп жатқан жоқ. Медбикелерді жұмыстан кетіретін заң қызметкерлердің құқығын шектейді.
Үкіметтегілер жаңа бастаманы талқылап жатқанда жедел жәрдем қызметкерлері мен медбикелер алдағы күндері тағы да ереуілге шығатындарын мәлімдеді. Өйткені билікпен болған алдыңғы келіссөздер еш нәтиже бермеді. Жаңа заң қабылданған жағдайда оппозиялық партия оның күшін жоюға бекініп отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.