Ресей газының экспорты күрт азайды

Ресей газының экспорты соңғы 5 күнде күрт төмендеді.

Reuters агентігінің хабарлауынша, Еуропада күтпеген жерден күн жылып кеткендіктен, қаңтарда Ресей газына сұраныс азайған. Осы себепті көк отынның бағасы екі есе арзандады. Ал еуропалық қоймалар 80 пайызға толы тұр.

Еуропада Мәскеу күткен газ дағдарысы болмай қалды – маңызды нарығынан айырылған. Ресей енді мәселені қалай шешпек? 

Украина арқылы тасымалданатын ресей газы соңғы 5 күнде 40 миллион текше метрден 35-ке түсті. Былтыр көгілдір отынның Еуропаға экспорты бұрын-соңды болмаған минимумға жетті. Блумбергтің болжамы бойынша, бұл үрдіс биыл да жалғасады. Ресей енді не істемек? Еуропаға экспортталуы тиіс – 80 миллиард текше метр газды Түркияға жөнелте ме әлде Қытайға экспорттай ма? Сарапшылар не дейді? 

Вячеслав Мищенко, Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің өкілі:

- Газды Орталық Азия немесе Кавказ елдеріне, Әзірбайжанға, Түрікменстанға жеткізу мүмкіндігі бар. Бірақ Түркіменстанға Ресей арқылы жеткізу керек немесе бұл мемлекетке Транскаспийге қосылу қажет.

Бұл ретте Қазақстан Ресеймен газды тиімді бағада сатып алу келісімін жасауы әбден мүмкін. Ал қазір екі ел арасындағы сауда негізінен Орынбор мұнай өңдеу зауытында қазақстандық газды қайта өңдеуге негізделген. 

Марсель Салихов, Энергетика және қаржы институтының президенті:

- Ресей қазір Қазақстанға газ жөнелтіп жатқан жоқ. Бірақ, экономикалық  тұрғыдан Солтүстік Қазақстан үшін оны сатып алу тиімді болмақ. Оңтүстіктегі газды солтүстікте пайдалану мүмкін емес. Бұл тұрғыда жаңа инфрақұрылымды салудан гөрі Ресейден Қазақстанның солтүстік өңіріне жөнелту дұрыс деп санаймын.

Сонымен сарапшылар болжамынша, әлемдік газ нарығындағы түйін 2023 жылы тарқар емес. Ал Ресей үшін газ инфрақұрылымын Еуропадан шығысқа бұру үшін кемі он жыл және 10 миллиард доллар инвестиция қажет.

Сымбат Ғалымжанқызы, Дана Нұржан