Украинада ЖІӨ 30%-тен артық құлдырады
Қарулы қақтығыс тұсында экономиканың түрлі секторы және қаржы саласы үлкен сынаққа ұшырады.
Ел Премьер-Министрінің мәліметі бойынша өткен жылы ресми Киев АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Жапония Үкіметтерінен және Халықаралық банктен 1 трлн гривень қаржылай көмек алған. Дей тұрғанмен, елдегі кедейлік деңгейі 10 есе артты.
Дүниежүзілік банк қарулы қақтығыс салдарынан Украинадағы кедейлік деңгейі он есе артқанын мәлімдеді. Халықтың төрттен бірі кедейлік қамытын киген. Ел Президенті Зеленский халықаралық донор мемлекеттерден Украинаның бюджет тапшылығын жабу үшін 55 млрд АҚШ доллары қажет деп көмек сұрады.
Денис Шмыгаль, Украинаның Премьер-Министрі:
- Украина 2022 жылы халықаралық серіктестерден шамамен 1 трлн грн көмек-қаржы алды. АҚШ, ЕО елдері, Еуропалық инвестициялық банк, Халықаралық қаржы қоры, Дүниежүзілік банк және Канада, Ұлыбритания, Жапония Украина экономикасына мол қаражат құйды.
Украина ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратқа сай ЖІӨ 30%-ке құлдыраған. Ал инфляция 31%-ке жеткен. Алайда тәуелсіз сарапшылар: «Бұл көрсеткіш 50%-ке дейін көтерілген», – дейді.
Екатерина Березенец, Киев қаласының тұрғыны:
- Азық-түліктің бағасы 40-50%-ке қымбаттағаны анық, баға әлі де тұрақты емес. Соғыс басталғаннан бері ұлттық валюта 30%-ке құлдырады әрі тауардың көп түрі шет елдерден импортталады, бағаның өсіміне осы жайт тікелей әсер етті деп ойлаймын.
Өткен жылдың тамыз айында Украинаның мемлекеттік қарызы 3,9 трлнға жетті. Себебі қорғаныс саласына ай сайын 150 млдр гривен бөлініп жатыр. Қаржы министрлігінің пайымдауынша, 2023 жылдың соңына дейін қарыз екі есе артып, 6,4 трлн гривеньге жетуі мүмкін.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Хабар 24, Киевтен