Елімізде ресейліктер көлік саудасының көрігін қыздырды
Осыдан үш жыл бұрын жаңа көліктер нарығында тапшылық пайда болды.
Бар мәселе пандемия кезінде басталғаны есімізде. Темір тұлпардың жүріп-тұруына қажет чип өндірушілер тұрмыстық техникаға бет бұрды. Осыған байланысты қажетті компоненттер көбіне тоңазытқыш, микротолқынды пеш және кір жууға арналған техникаға қондырылды. Бірақ автокөлікке деген сұраныс азаймады. 2021 жылы 33%-ке артты. Жетіспеушілік Қазақстанды да айналып өтпеді.
Еліміздің автосалондарынан су жаңа көлік сатып алушылардың көбі - ресейліктер. Осы істе оларға делдалдар мен алыпсатарлар көмектесіп жатыр. "Бірақ бұл жерде заңды белден басып жатқан ешкім жоқ", - дейді саланың басы-қасында жүргендер. Мәселен, ресейлік жеке дилер Олег Нұрмұхаметов былтырдан бері 250 адамға қызмет көрсеткен.
Олег Нұрмұхаметов, жеке дилер:
- Қазақстанда табыс табуға болатынын кештеу түсіндім. Өзгелер салаға наурыз айында келген болса, мен бұл іске шілдеде кірістім. Уақытымды әріптестермен байланыс орнатуға, қаржылық мәселелерді шешуге жұмсадым. Алғашында кідірістер болды. Жаз бен күз айларының басында сауда жақсы жүрді.
Батыстың Ресейге салған экономикалық санкциясы салдарынан әлемдік автоконцерндердің көрші ел нарығынан кеткені белгілі. Осыған байланысты ресейліктердің назары Қазақстанға ауа бастады. Сұраныс артты. Біздегі баға оларға әлдеқайда қолжетімді. Бірақ сұранысқа ұсыныс сай келмей жатыр. Неге десеңіз, осыған дейін көрші елдің автосалондарында жыл сайын шамамен 2 млн көлік сатылатын. Қазақстандағы статистика бұл көрсеткіштен біршама төмен.
Алексей Алексеев, авто саласындағы журналдың бас редакторы:
- Дилерлік орталықтарда көлікті сатып алу үшін 6 айдан бастап 4 жылға дейін кезекте тұруға тура келеді. Тек қытайлық брендтер уақтылы жеткізіліп жатыр. Ал кейбір жерде премиум санатындағы көліктер бойынша тапсырыс қабылданып жатқан жоқ.
Шетелдік өндірушілер де тапсырыс қабылдауды тоқтатты. Өйткені олар Қазақстан нарығына қызығушылық танытар емес. Тұтынушы аз. Былтыр Қазақстаннан Ресейге шамамен 2 мыңға жуық көлік жеткізілді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. "Отандық нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін жылына 300 мың көлік әкелу керек", - дейді сарапшылар.
Алексей Алексеев, авто саласындағы журналдың бас редакторы:
- Сұранысты қанағаттандырып үлгермей жатырмыз. Қазақстан нарығына рулі оң жақта болса да, жақсы сақталған көліктерді әкелу қажет. Басқа амал қалмаған сияқты.
Сарапшылар жағдайды реттеу үшін жақын елдерден жеткізілетін көліктерге салынатын кедендік баж салығы мен утильалымды алып тастауды ұсынады. Өнімнің өзіндік құны түскен соң, тапшылық та азаяды. Бірақ елде онсыз да көне көлік көп.
Алексей Алексеев, авто саласындағы журналдың бас редакторы:
- Қазақстандағы көліктердің шамамен 78%-ті ескі. Зауыттан шыққанына 10 жылдан асқан. Автопарктің тең жартысы 30 жылдан асқан ескі-құсқы техника. Жолдағы қауіпсіздікті сақтауға кері әсерін тигізеді.
Сұраныс бар кезде, әрқашан ұсыныс болады. Нарық заңдылығы осындай. Сондықтан ресейлік тұтынушылармен күресу Қазақстанға көп пайда әкеле қоймас, дейді сала өкілдері.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Азиза Закумбаева, Ырыстанбек Оспанов