Қытайдың кейбір аймақтарында эпидемияның қаупі жоқ деп жарияланды
"Негізгі мәселе – тек ауыр халде жатқан науқастарды емдеу", - дейді ресми Бейжің. Сол себепті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету басты міндеттердің біріне айналды.
Қытай қатаң шектеулерді жеңілдетуге мәжбүр болды. Себебі елде дәрі-дәрмек тапшы. Бұрын ковид жұқтырған науқас ауруханада арнайы оқшауланған бөлмеде ПТР-тест нәтижесі теріс болып шықпайынша, емделетін. Ал қазір ковидтен толық айықпаса да, өзін жақсы сезініп тұрғандар үйіне жөнелтілетін болды. Мұндағы мақсат – дәрі-дәрмекті үнемдеу. Елде фармацевтикалық компаниялар толық қуатта қызмет көрсетуде. Ал науқастарды емдеу үшін батыс және дәстүрлі қытай медицинасы қолданылып жатыр.
Чжан Цзянь, фармацевтикалық компанияның вице-президенті:
- Желтоқсанда ковидтің өршуі күтпеген жағдай болды. Сол себепті Бейжіңде дәрі-дәрмек жетпегені рас. Қала билігі фармацевтикалық кәсіпорындарға жүгінді. Олар бізден препараттардың қажетті мөлшерін өндіре алатынымызға кепілдік алғысы келді. Біз өндірісті реттеп, ауысыммен, тәулігіне 24 сағат жұмыс істеп, қиындықты еңсердік. Қытайдың жаңа жылын тойлау кезінде де жұмыс істейміз, демалыс күндері төлемді үш есеге арттырамыз.
Ауыр халдегі науқастарды емдеу негізгі мәселеге айналды. Медицина қызметкерлерінің, оның ішінде аудандық емханалар мен ауылдық ауруханаларда еңбек ететіндердің біліктілігін арттыру да қолға алынды. Науқастарға уақытылы сапалы көмек көрсету үшін әртүрлі деңгейдегі медициналық мекемелер арасындағы ынтымақтастықты күшейту туралы шешім қабылданды.
Ван Гуйцян, Бірінші Бейжің ауруханасы инфекциялық бөлімінің меңгерушісі:
- Жаңа хаттамада біз вирусқа қарсы препараттармен емдеудің бес нұсқасын көрсеттік. Олардың ішінде Қытайда жақында мақұлданған Паксловид, молнупиравир және бұрын АИТВ-ны емдеу үшін қолданылған жергілікті микро молекулалық препарат бар. Бұл микромолекулалық дәрі-дәрмектердің барлығы қолдануға ыңғайлы, соның ішінде үйде қолдануға әбден болады. Сондықтан оларға сұраныс өте жоғары. Паксловид әлі бәріне жете бермейді. Бірақ көп ұзамай ол Қытайда шығарылады. Келіссөздер жүргізілуде.
Коронавирусты шетелдік препараттармен емдеу расталған. Бірақ вакцинаға келгенде тек отандық өнім қолданылады. Бүгінгі таңда Қытайда вакцинаның 13 түрі мақұлданды. "Батыстық үлгілермен салыстырғанда олардың тиімділігі туралы деректер әлі жоқ", - дейді сарапшылар. Десе де қытайлық дәрігерлер вакцина өлімнен сақтайтынын алға тартады.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Ботагөз Сырғабаева