АҚШ-та инфляция төмендеп келеді
АҚШ-та инфляция алты ай қатарынан төмендеп келеді.
Күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуі тоқтап, қайтадан арзандап жатыр. Алайда тұрғындар қымбатшылықтың беті қайтпағанын айтып отыр. Өйткені билікке кейінгі 40 жылда болмаған жоғары инфляцияны пандемияға дейінгі 2 пайыздық деңгейге түсіру оңай болмай тұр.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Америка Құрама Штаттарында тұтыну бағасының индексі өткен айда 6,5% болды. АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының мәліметі бойынша шарықтаған баға алты ай бұрынғы көсеткішпен салыстырғанда әжептәуір түскен. Былтыр маусымда инфлияция 9% асып, қырық жылда болмаған қымбатшылық қысқан еді. Мәселен, тауарлар бағасына тікелей әсер ететін жанармайдың литрі 1,5 долларға өссе, қазір екі еседей арзандады. Бірақ халық бағаның еш өзгермегінін айтып отыр.
- Өте жаман. Тамақ өндірушілер де, тасымалдаушылар да бағаны бірнеше есе көтеріп тастады. Шектен тыс табысты көздеп, халықты қинап қойды.
- Барлығы қымбат, жағдай нашар.
- Олар баға түсті деп жатыр. Бірақ мен оған сенбеймін. Бұрын 3 доллар тұрған заттар қазір де сол бағада. Ештеңе өзгерген жоқ. Біз қашанғы күтеміз.
Федералды резерв елдегі жоғары инфляцияны тежеп, тіпті 2 процентке түсіруді көздеп отыр. Бірнеше рет пайыздық мөлшерлемені көтерді. Алдағы уақытта тағы бірнеше рет көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Пандемия кезінде кәсібі тоқтап қалған бизнеске, жұмыссыз қалған халыққа көмек ретінде таратылған бірнеше триллион доллар ел ішінде бағаның күрт өсуіне алып келді.
Кевин Мэн, Hennion & Walsh Asset Management, инвестициялар бойынша бас директоры:
- Тарифтердің көтерілуі, инфляцияның жоғары деңгейіне қатысты ең нашар күндер артта қалды. Бірақ 2023 жылдың жарты жылдығында әлі де АҚШ экономикасы рецессиялық кезеңде болып одан әрі баяулауы мүмкін. Бірақ менің ойымша, ел экономикасының қайта өсімін екінші жарты жылдықта көре бастаймыз.
Ал АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 3,5 процентке түскен. Бұл соңғы елу жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Байден әкімшілігі халықты жұмыспен қамтуда үлкен нәтижелерге қол жеткізген. Демократтар Конгрестің қос палатасына аралық сайлауда ел ішіндегі қымбатшылықты тоқтату үшін үлкен жұмыстар атқарды. Президент Джо Байден төтенше жағдайларға арналған резервтегі жанар-жағармайды ішкі нарыққа сатуға шешім шығарып, бағаны түсірді.
Нұрбек Бекен