Бразилиядағы тәртіпсіздіктерге кінәлі тарап анықталды
Бразилияда болған тәртіпсіздіктерге қауіпсіздік күштерінің тікелей қатысы бар.
Бұл туралы ел Президенті Лула да Силва мәлімдеді. Ол Үкіметке қарсы шыққан тұрғындарды әскерилер қолдады деп санайды.
Луис Инасиу Лула да Силва, Бразилия президенті:
- Әскери полиция мен Қарулы күштер қызметкерлерінің бұған қатысы бар. Тұрғындар резиденцияға оп-оңай енген, яғни, оларға есікті ашып берген. Ғимараттың есігін ешкім сындырмаған. Біз сайлауда жеңіске жеткенімізді, ұмытпауымыз керек, бірақ болсонаризм әлі де бар. Оның жақтастары өте қауіпті, олар ешкімді құрметтемейді. Соны ұмытпаған жөн. Ал айыптылар жазасын міндетті түрде алады!
8 қаңтарда бұрынғы президент Болсонарудың жақтастары Жоғарғы сот, Ұлттық Конгрес және президент резиденциясын қоршауға алып, талқандап тастады. Олар елдегі биліктің ауысқанын талап етті. Биліктегі Лула да Силваны АҚШ және өзге де елдердің басшылары әлеуметтік желіде қолдады. Бұл оқиға кезінде 1800 адам тұтқындалды. Тәртіпсіздікті тікелей ұйымдастыруға қатысы барлар 30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.