Швецияда жерсеріктерін ұшыратын кешен ашылды
Швецияда Еуропалық ғарыш агенттігінің жерсеріктерін ұшыратын алғашқы кешені ашылды. Салтанатты шара Еурокомиссия делегациясының корольдікке сапары барысында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Эсрейндж зымыран полигоны Швецияда 1960-шы жылдары салынған. Қазір бұл жерде 3 ұшыру алаңы мен зымырандарға арналған бірнеше тұрақ бар. Агенттік бұл жерден алғашқы жерсерікті 2024 жылы ұшыруды жоспарлап отыр.
Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия Президенті:
- Бұл кешен Еуропаның ғарышқа қақпасы болмақ. Айлақ бізге инновациялық қана емес, өзге зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік береді. Біз оны маңызды инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қарастырамыз.
Биыл Еуропалық Одақтағы төрағалық қаңтар айынан бастап Швецияға өтті. Осыған байланысты Еурокомиссия өкілдері жергілікті үкіметпен ұйымның алдағы жарты жылдағы басты бағыттарын талқылау үшін Кируна қаласына барды. Бұған дейін Стокгольм өз төрағалығы кезінде басты назарды бәсекелестік, қауіпсіздік, демократия және Украинаны қолдауға аударатынын мәлімдеген.