Қытайдың коронавирустен өлім-жітім статистикасы. LIVE

Қытайда коронавируске қатысты кісі өлімінің статистикасы жария етілді.

Желтоқсаннан бері 60 мың адам қайтыс болған. Өткен айда көрші елде шектеу шаралары жеңілдетілген. Салдарынан ауру деңгейі артты.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Қытай билігі ұзақ уақыт бойы кісі өліміне қатысты деректерді жария етпей келді. 8-ші желтоқсан мен 12 қаңтар аралығында коронавирустан 60 мыңдай адам қайтыс болған. Марқұмдардың 90 проценті - қарт кісілер. 23-ші желтоқсандағы мәліметке сәйкес, көз жұмғандардың саны 5 мың шамасында болған. Ол кезде статистикаға тек тыныс алу жеткіліксіздігі мен пневмониядан қайтыс болғандар ғана кіретін.

Цзяо Яхуэй, Қытайдың денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілі

- 2020 жылдан бері ПТР-тесті оң нәтиже көрсетіп, қайтыс болған науқастар коронавирустан көз жұмғандар қатарына жатқызылады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен өзге елдердің талаптарына сәйкес келеді.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Коронавирустан көз жұмғандардан бөлек енді ауруханаға түскендер мен жағдайы ауыр науқастар туралы деректер де жария етіліп отырады. Қолда бар мәлімет бойынша, бүгінде 1 миллион 200 мың адам емханада жатыр. 104 мыңының жағдайы ауыр. Сарапшылар көп өңірде аурудың таралуы бәсеңдей бастағанын айтады. Желтоқсанның ортасында медициналық көмекке орта есеппен 3 миллион адам жүгінсе, бүгінде ол сан 500 мың шамасында. Тағы бір айта кететін жайт. Қытайда  22-ші қаңтарда Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл басталады. Мейрам кезінде ары-бері қатынайтындар саны артады. Сарапшылар биыл әсіресе ауылды аймақтарға көп адам барады дейді. Өйткені былтыр қатаң шектеулер салдарынан қалада уақытша ақша тауып жүрген жұмысшылар үйлеріне жете алмаған. Мамандар енді ауру қайта өршуі мүмкін дейді. Өйткені біріншіден, ауылдағы медицина әлсіз. Екіншіден, онда көп қарт адам тұрады.

Чжао Дахай, Шанхай көлік университетінің денсаулық сақтау саласындағы саясат орталығының директоры:

- Кісі өлімінің статистикасына қарап, вакциналардың тиімді екеніне тағы да көз жеткізіп отырмыз. Өйткені қайтыс болғандардың көбі - қарт кісілер. Олардың бұрыннан бері келе жатқан созылмалы аурулары бар. Соның кесірінен егде жастағылар арасында екпе салдырғандар аз. Қазір қаладағы эпидахуал жақсы. Бірақ ауылды жерлерде аурудың таралуы бәсеңдеді деуге келмейді. Алдағы 2 аптада, яғни мереке кезінде сақ болуымыз керек. Өйткені саяхаттаушылар саны артады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Осыған байланысты билік ауылды жерлерде медицина қызметкерлерінің санын арттырып, мұнда дәрі-дәрімектің көптеп жеткізілуіне басты назар аударып отыр. Ал Бейжіңге келсек, бұрын ПТР-тест, карантин талап етілсе, бүгінде оның бәрі алынып тасталды. Шектеуден шаршаған жұрт мейрамхана, сауда орталықтары секілді қоғамдық орындарда толып жүр.