Қырғызстан билігі шетел валютасын шекарадан шығаруға тыйым салды
Шектеулер қолма-қол ақшаға қатысты, ел экономикасын тұрақтандыру мақсатында жасалып отыр, дейді ресми Бішкек. Ел азаматтарымен қатар шетелдік резиденттер де бұл заңға бағынуы тиіс.
Қырғызстанда доллар сатып алу қиын, себебі сиреп кеткен. Америкалық банкнота валюта бюроларында ғана емес, коммерциялық банктердің кассаларынан да табылмайды. Бұл мәселе тіпті елдің Парламентінде талқыланды. Шенділер шешімі бойынша енді шетелдік валютаның ешбір түрін қолма-қол түрде азаматтар шекарадан шығара алмайды. Бұл уақытша шектеу болғанымен, қаржы-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандырады, дейді ресми Бішкек.
Бақыт Бекетаев, саясаттанушы:
- Бізде бұрын валютаның сатылым бағасы ашық болса, қазір ол реттеледі. Яғни, айырбастау пунктінен сіз доллар таба алмайсыз, ал егер тапсаңыз, бағасы қымбат. Шектеу банктер үшін жасалған қадам. Біздің нарықты ұстап тұру үшін реинтервенция қажет болады деп ойлаймын.
Шетелдік валютаны шекарадан шығарудың ережесі бекітілді. Қырғызстан азаматтары 10 мың доллар, ал шетелдіктер 5 мың доллардан жоғары ақшаны өзімен бірге алып шыға алмайды. Алайда шектен асқан соманың 10%-ын төлеген жағдайда кез келген көлемде шығаруға рұқсат беріледі. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, 10 мың доллар алып шыққыңыз келсе, 1 мыңын тастап кетесіз. АҚШ долларына қатысты бұл шектеуді қадағалау Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Шекара және Кеден қызметіне жүктелді.
Денис Бердаков, экономист:
- Қаржы жүйесінде айналымда жүрген қолма-қол доллардың көбі шетелге шығарылды. Бұл – Ресейден көшіп келгендердің немесе Қытайдан, Түркиядан және Біріккен Араб Әмірліктерінен тауар сатып алушылардың әрекеті. Жалпы қазір Қырғызстанның қаржы жүйесінде доллардың тапшылығы мәселесі бар.
Аталмыш Заң жобасы өткен жылдың сәуірінде талқыға түсті. Қаржы министрлігі ішкі нарықты доллар құнының күрт өсуінен қорғау керек екенін айтады. Өйткені доллар жетпеген жағдайда әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы қымбаттап, импортқа тәуелді экономика әлсіреуі мүмкін. Тауарларды жеткізу үшін барлық есеп айырысулар америкалық валютада жасалады. Лимит 9 айдан кейін күшіне енді.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Бакыт Чермашев.