Еуропада көлік саудасы қысқарды

Еуропада көлік саудасы тұралап тұр. Мамандар автонарық дағдарысқа ұшырады дейді. Әсіресе, Испания мен Францияда жағдай қиын.

Еуроодақ елдерінде автомобиль саудасы тығырыққа тірелді. Былтырғы көрсеткіш 1993 жылдан бері ең төмені. Көлік сату алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 5% кеміген. Атап өтсек, Испанияда көлік саудасы 14 пайызға, Францияда 8 процентке қысқарған. Мамандар Еуропа автонарығы дағдарысқа ұшырады деп дабыл қағуда. Мәселен, 2019 жыл сауда айналымы 1 млн көлік еді. Қазір бұл көрсеткіш ай сайын азайып, пандемияға дейінгі кезеңге де жетпей тұр. Дегенмен, кей сарапшылар былтыр желтоқсан айында 2021 жылға қарағанда аздап өсім бар, оның өзі жеткіліксіз деп кесіп айтады. Саудадағы жағымды көрініс тек Германия мен Италияда байқалады. Көлік саудасының күрт төмендеуіне авто бөлшектердің  тапшылығы себеп.

АҚШ-та отандық көлікке сұраныс аз

Әлем бойынша америкалық көліктерге сұраныс төмендеді. Өндіруші компаниялар соңғы 10 жыл  мұндайды көрмеген. Былтыр сауда айналымы 8 процентке төмендеп, 13,7 млн-ды құрады. Бұл Wards Intelligence зерттеу мекемесінің келтірген дерегі. Короновирус кезеңіне дейін бұл көрсеткіш 17 млн болған. АҚШ-тағы «Хюндай» өкілі Рэнди Паркер 2023 жыл - көлік саудасы үшін ең ауыр болайын деп тұр дейді. Өйткені бөлшектерді жеткізу тұрақталғанымен, инфляция кесірінен халықтың әлеуметтік жағдайы тым нашар. Ал «Тойота Мотор» компаниясы былтыр 16 млн көлік сатуды жоспарлапты. Бірақ бөлшектер мен чип өндірісінің баяулауына байланысты бұл жоспар іске аспай қалған.

Айта кетейік, АҚШ-та тойота көліктері 1931 жылдан бері әлем бойынша көш бастап тұрған еді. 

Норвегияда көлік саудасы рекорд орнатты

Ал Норвегияда керісінше былтыр көлік саудасы 80% өсті. Бұл рекорд дейді мамандар. Сатылған бес көліктің төртеуі батереямен зарядталады, көбі Tesla көліктері. Екі жыл қатарынан оған сұраныс артып, Volkswagen-нен озып кеткен екен. Осылайша, Норвегия 2025 жылы жанармай мен дизельмен жүретін көлік саудасын тоқататын алғашқы мемлекет атанбақ.

Айта кететін жайт, бұл елде электромобильдер салықтан босатылады.     

Қытайда қай бренд сұранысқа ие?

Қытай брендтеріне сұраныс артты. Аспан асты елінде көлік саны 5,8% өсті. 2022 жылы елде жалпы бас-аяғы 471 млнға жуық транспорт тіркеліпті. Қазір қытай брендтері үлкен сұранысқа ие. Сарапшылар олар танымал болып келеді дейді. Дилерлік сатылым 85% өскен. Бірақ мамандар әлем елдері қытайлық өндірушілерге көшті деп айту әлі ерте. Бүгінгі таңда мұнда Geely бренді автокөлік нарығының үздігі болып есептеледі.