Брюссельде Орталық Азия елдерінің мәдениеті таныстырылды
Шара дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Салтанатты шараға қатысқан 5 ел қатарында Қазақстан да бар.
Еуропалық Одақ жанындағы Қазақстан өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан 30 жыл ішінде Қазақстан мен өңірдің басқа да елдері ЕуроОдақпен берік достық қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Ал Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакала өңір елдерінің бірлігі мен ортақ мүдде жолындағы жұмысына жоғары баға берді. Іс-шараға еуропалық институттың өкілдері, дипломаттар, сондай-ақ диаспора мүшелері қатысты.
Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметі басқарушы директорының орынбасары:
- Қазақстан - кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған аймақтағы бірінші ел. Былтыр Астанада көшбасшылар кездесті. Еуропалық Кеңестің Президенті Чарльз Мишель және Орталық Азиядағы 5 мемлекет басшыларының алғашқы кездесуі, сондай-ақ Самарқандта тараптар арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі конференция болды. Қазақстан бұл тұрғыда ЕуроОдақтың өңірдегі ең ірі экономикалық серіктесі. Орталық Азия мен Одақ арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын. Біз жаңа геосаяси жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытамыз, деп сенемін. Сондай-ақ, Президент Тоқаевтың Қазақстанды демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде дамыту үшін жүргізіп жатқан реформаларын қолдаймыз.
Тұсаукесер қонақтары көшпенділердің суреттерін, шеберлердің қолдан жасаған бұйымдарын, ұлттық киімдерді, ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық заттарды тамашалады. Ұлы дала әуендерін тыңдап, Орталық Азия елдерінің дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Қатысушылар ЕуроОдақ пен Орталық Азияның одан әрі өзара іс-қимылы жөніндегі жоспарларымен алмасты. Ежелгі Жібек жолы маршрутындағы сауда-экономикалық және мәдени алмасудың маңызын, аймақтың әлеуетін талқылады.
Стефано Саннино, Еуропалық сыртқы істер қызметінің бас хатшысы:
- ЕуроОдақтың аймақпен қарым-қатынасы қазірдің өзінде жоғары деңгейде. Біз үшін Орталық Азия елдері – әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің құнды серіктестері. Қазақстан – саяси және экономикалық жағынан өте маңызды ел. Геосаяси жағдайдың күрделілігіне байланысты бірқатар сын-қатер бар. Бірақ, азаматтарымыздың арасындағы байланыстарды, сондай-ақ экономикалық қатынасты дамыту үшін мүмкіндіктер де жоқ емес. Аймақ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бәріміз үшін маңызды міндет.