Қытайда эпидахуал нашарлап барады
Қытайда эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Кейінгі бір аптада 63 мың адам коронавируспен ауруханаға түскен.
Науқастардың саны алдындағы жұмамен салыстырғанда, 70% көп. Олардың дені қарттар. Шығысымыздағы көрші елде желтоқсаннан бері ковид жұқтырғандар саны күрт артып барады. Бұл шектеу шараларының жеңілдетілуіне байланысты болуы мүмкін. Эпидахуал нашарлағасын, 30-дан аса мемлекет Қытайдан келгендер үшін ережелерді қатаңдатқан. Енді елде Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл атап өтіледі. Осыған байланысты ары-бері қатынайтындар қатары артады. Салдарынан мамандар ауылдық жерлерде вирустың өршитінін болжап отыр. Себебі онда медицина әлсіз. Оның үстіне шалғайда тұратындардың дені осал топқа жататын егде жастағы кісілер.