Биыл Самарқандта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Жастар отырысы өтеді
Жиын сәуір айына жоспарланған. Бұл жайында Азия кеңесі хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай мәлімдеді.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің аймақтық қауіпсіздікті нығайту бойынша тапсырмаларын талқылады. Әсіресе Ауғанстандағы жағдайдың реттелуіне үлес қосу – маңызды міндет. Самарқандтағы жиынның күн тәртібі таяуда Астанада өткен сенім шаралары кеңесінің міндеттерімен үндес болады.
Айта кетейік, ертең Ташкентте Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері де кездеседі. Аймақтық қауіпсіздік және өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады.
Қайрат Сарыбай, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім кеңесі хатшылығының атқарушы директоры:
- Таяуда Өзбекстан тарапы Азия кеңесінің жастар саммитін ұйымдастырмақшы. Сол үлкен үлес болады деп есептеймін. Сондай-ақ Өзбекстан Президентінің көптен бері көксеп жүрген аймақтық, өңірлік өзара байланыс мәселелерін талқыға салдық. Бұл көкейдегі жүрген кейбір мәселелерді, әсіресе, Ауған проблемасын шешуге оң ықпалын тигізеді деп сенемін.