Угандада мұнай кеніші игеріле бастады

Мұнай өндірушілер қатарына тағы да бір ел қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Африкада орналасқан Уганда мемлекетінің тарихында алғаш рет бұрғылау құрылғысы іске қосылды. Альберт көлінен оңтүстікке қарай орналасқан мұнай кенішін Қытай корпорациясы басқаратын консорциум игеретін болды. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл Уганда экономикасын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Осыған дейін елде тұтынылатын бүкіл мұнай өзге елдерден әкелінетін. Уганданың қара алтын қоры 6 млрд баррельге бағаланып отыр, оның 1 млрд 400 млн шығаруға болады. Болашақта күніне 230 мың баррель мұнай өндіру көзделіп отыр. Бұл өз елін қамтумен қатар шикізатты экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді. Осыған байланысты биыл Танзанияның Танга айлағына дейін ұзындығы 1,5 мың шақырымдай мұнай құбыры салына бастайды.