Испанияда инфляция шарықтап тұр

«Биыл Испаниядағы базалық инфляция көлемі орта есеппен 4% өседі», - деп болжайды мемлекеттің басты қаржы ұйымы.

Қазір елдегі инфляция 10% асып, 37 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бір жыл ішінде 240-тан астам азық-түлік өнімінің 95% қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық статистика агенттігі мәлімдеді. Инфляция он тұрғынның үшеуін кедейлік шегінде қалдырып, әлеуметтік алшақтықты арттырған.

Ұлттық статистика институтының мәліметі бойынша жылдық инфляция көлемі Испанияда былтыр 10,8% құрады. Бір жылда сұйық майдың құны 118, қант 70%, маргарин 75%, макарон сияқты ұн өнімдері екі есе қымбаттаған. Жалпы қымбатшылық - 239 өнімнің 95% әсер еткен. Азық-түлікпен қатар қуат бағасының екі есеге артуы - әлеуметтік теңсіздіктің алшақтауына әкелген. Он испаниялықтың кем дегенде үшеуі кедейлік шегіндегі тұрмысқа тап болған.

Сантиаго Нинё Бесерра, экономист:

- Әлеуметтік теңсіздік артқанын байқадық. Инфляциядан орташа өмір сүретіндер кедейлік шегіне жетті. Сондықтан Испания ғана емес Еуропаның басқа елдерінде де орташа кластың жойылып, әлеуметтік алшақтық артқанын көріп отырмыз.

Мемлекеттік тұтынушылар ұйымының зерттеуінде - Испаниядағы азық-түлік бағасы жылдам қарқынмен қымбаттау бойынша Ұлыбританияны басып озды,- деп көрсетілген. Бұған дейін британия ЕуроОдақта баға бойынша үстемдік етіп келген. Испания премьер-министрі Педро Санчес биыл да азық-түлік бағасын төмендету «тетіктерін» қамтитын жаңа көмек пакетін ұсынамыз деп мәлімдеді.

Педро Санчес, Испания Үкіметінің жетекшісі:

- Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз етуге қазынадан 45 млн евро бөлінді. Инфляцияның өсімін тежеу үшін энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек. Испания ғана емес әлем елдері экономикалық қиындықтарға тап болды. Сондықтан дағдарысқа төтеп беретін реформаларды қабылдауымыз қажет.

Азық-түлік бағасының өсіміне қуат құны тікелей әсер еткені белгілі. Елдегі бағаның өсуін бақылайтын испандық ұйым FACUA мәліметтері бойынша, Испанияда соңғы айларда электр энергиясының құны тұрақты түрде шарықтап отырған. Елдің энергетика министрлігі «энергетикалық кедейліктің» алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауы керек. «2022 жылы үш айға енгізілген «әлеуметтік жеңілдіктер» жүйесі биыл да жалғасын табуы тиіс», - дейді сарапшылар. Испания билігі жанармай құнына өткен жылы 20% жеңілдік енгізген еді.