Грузияда қайыр тілеген бала көп
«Грузияда қайыр сұраумен айналысатын кәмелетке толмағандардың бопсалау, кейде жергілікті тұрғындар мен туристердің құнды заттарын ұрлау оқиғалары жиі тіркеледі», - дейді құқық қорғаушылар.
Ал ел заңы бойынша ата-анасыз көшеде жүрген баланы ұстап, жазалауға рұқсат жоқ.
Көпшіліктен алақан жайып қайыр сұрап жүрген балақайларды көбіне Тбилисидегі метроның маңайынан кездестіруге болады. Сондай-ақ, астананың орталық көшелері мен туристік орындардың көбі - олардың сүйікті мекені. Қайыршы балалар мәселесі Грузия билігі шеше алмай отырған, тамыры тереңге жайылған тақырып. Олардың басым көбі 18-ге толмаған, тіпті, кейде азаматтығы, тұрғылықты жері жоқ балалар. Сәйкесінше, еш жерде оқымайды да.
Георгий Кварацхелия, «Word vision» балаларды қорғау жөніндегі ҮЕҰ үйлестірушісі:
- Денсаулық сақтау министрлігімен бірге балаларды оңалту бойынша әлеуметтік бағдарламаны іске асыру жоспары бар. Бұл балаларды қорғау қызметтеріне қосып, мобильді топтар мониторинг жүргізеді, олардың отбасымен кездеседі. Және олармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіну үшін жағдайды бағалаймыз. Нәтижесінде, біздің орталықтарда тіркеп, әр түрлі мамандардың көмегімен жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар білім алуын да қадағалаймыз.
Үкіметтік емес ұйымдардың айтуынша, балалардың панасыз жүруі БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының бұзылғанын білдіреді. Қайыр сұрап жүрген балалардың артында бұл істі бизнеске айналдырып алған заң бұзушы ересектердің тұрғаны анық, дейді ұйым мүшесі. Көше кезген балалар, тіпті, туристерге шабуылдап, заттарын тонайтын болған.
Дэвид Насаридзе, Кавказ қару-жарақ мұражайының директоры, гид:
- Балалар кейде мұражайға жүгіріп кіріп, ұрлық жасауға, шабуылдауға тырысады. Мұнда барлық витриналар мен есіктер ағаштан жасалған. Оларды бұзу өте оңай. Мұражайға темір есіктер қоюға рұқсат жоқ. Өкінішке қарай, бұл факті жиі болмаса да, арасында қайталанып отыратын жағдай.
Грузияның кәмелетке толмағандар туралы Заңы бойынша полиция балаларды ұстай алмайды. Тіпті, бопсалау, қайыр сұрау жағдайлары тіркелгеннің өзінде заң бойынша ата-анасыз жүрген баламен тілдесуге құқығы жоқ. Сондықтан сарапшылар туристерден сақ болуды сұрайды. Ал жанжал кезінде «сенім телефондарына» қоңырау шалуға болады.