Германияда NIS үздіктер қатарында келеді

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығының бағдарламасы Германияда беделді сертификатқа ие болды.

Куәлікті тапсыру рәсімі Байройт қаласында өтті. Еуропалық аккредиттеу агенттігінің бұл бағасы  халықаралық стандартқа сәйкестікті білдіреді және Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіндегі жетістігін растайды.

Қазақстанда 22 Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс істейді. Онда балаларды халықаралық стандарттар бойынша оқытып қана қоймай, кәсіби мамандарды да дайындайды. Бұл мақсатта Педагогикалық шеберлік орталығы құрылды. Германияның Байройт қаласында Еуропалық аккредиттеу агенттігінің штаб-пәтерінде аталмыш орталық жаңа әзірлеген бағдарламасы үшін сертификат алды.

Күләш Шәмшидинова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы:

- Жалпы, біз халықаралық аккредитациядан өту мәселесін алдағы қойған міндеттеріміздің бірі деп санаймыз. Бұған дейін өздеріңіз білесіздер мектептеріміз өткен халықаралық аккредитациядан мынау конкурстан іріктеу мәселесі өткен. 10 бағдарламаға біз халықаралық аккредитация алдық мұғалімдердің дайындығына байланысты. Қазір 11 бағдарламаға алып отырмыз. Халықаралық аккредитация бізге не береді? Ең біріншіден білім жүйесіне әлемдік білім жүйесіне интеграциялану үшін мүмкіндік береді. Екінші жағынан, Қазақстанды әлемге таныту үшін қажет дүние.Үшіншіден біз өзіміздің жақсы дәстүрлерімізді тәжірибиемізі сақтай отырып, жаңалықтар алып келе аламыз.

Германиядағы аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты 2000 жылдың басында құрылды. Еуропалық агенттік Неміс Жоғары оқу орындарымен де, шетелдік білім беру мекемелерімен де жұмыс істейді. Ұйым Қазақстанмен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастықта. Сарапшылар Педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған әдістеменің бірегейлігін атап өтті. Оның ерекшелігі - тек мұғалім емес, бүкіл команда білім береді. Бұл мектептегі білімнің сапалы болуына кепілдік береді.

Юлия Балакший, ACQUIN институты аккредиттеу бөлімінің үйлестірушісі:

- Швейцария, Германия елдерінен сарапшылар болды. Олар тіпті өздері үшін кейбір методиканы түртіп алғандарын айтты. Себебі, біз көрсеткен қазақстандық контексте оң нәтижелер бар. Әдістеме бойынша, бір адам емес, бірден бір мектептің үш өкілі қатысады. Бұл директор, бас мұғалім және мұғалім. Яғни, командада білім берудің әлеуеті өте үлкен.

Сапар аясында НЗМ басқарма төрайымы Зияткерлік мектептердің жастарымен де кездесті. Күләш Шәмшидинова түлектердің Гарвард, Стэнфорд және Германия жоғары оқу орындарында оқитынын мақтанышпен айтады. Олардың көпшілігі қайтып оралып, Отанында еңбек етеді, дейді ол. Ал 2023 жылы НЗМ білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылау үшін халықаралық конференция өткізеді. Жоспар бойынша, Астанаға 40 елдің өкілі келеді. Іс-шараға неміс сертификаттау институтының сарапшылары да шақырылды.