Ұлыбритания кәсіпкерлері шетінен шығынға батып жатыр
Қазір банкроттық алдында тұрған орта және шағын бизнес өкілдерінің саны күрт өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ахуал одан сайын ушыға түсуі мүмкін. Өйткені жергілікті билік бизнесмендерді қолдау шараларын тоқтатып, салық көлемін арттырған.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Ұлыбританияда кәсіпкердің қарызы 3 млн теңге болса немесе банкротқа ұшырағаны жөнінде өтініш берсе, оның қаржылық жағдайы ауыр деп саналады. Зерттеулерге сәйкес шығындары шаш етектен бизнес иелерінің қатары 36%-ке артқан. Оларға қатысты шығарылған сот шешімдерінің саны соңғы 3 айда 2021 жылмен салыстырғанда 52%-ке өскен.
Кәсіпкерлердің жағдайы алдағы айларда тіпті қиындауы мүмкін. Өйткені сәуірде мемлекет бизнесті арзан электр энергиясымен қамтамасыз етуді тоқтатады. Іскер азаматтар бұған қазірдің өзінде алаңдаушылық білдіріп отыр. Солардың бірі шағын сырахана иесі – Джеймс Кабертсон. Оның пікірінше, сыра сатып, нәпақасын айырып жүргендердің 70%-і қиындыққа тап болады.
Джеймс Кабертсон, кәсіпкер:
- Электр энергиясы құнының қымбаттауы – біз үшін ең үлкен проблема. Басқа түйінді мәселелерді шешуге өзіміздің күшіміз жетеді. Билік жарықтың шекті бағасын орнатуы керек.
Бөлшек саудамен айналысатын шағын дүкен иелерінің де жағдайы қиын. Тамет Ахмет жеміс-жидек пен көкөніс сатады. 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тамет Ахмет, кәсіпкер:
- Тағы бір дүкенім бар еді. Оны жауып тындым. Жарықтың бағасы 2 есе қымбаттады. Менің кәсіпті жүргізуге шамам жоқ. Бұл мемлекетте бизнес жасау қиындап кетті. Қазір азық-түліктің бағасы қымбат. Халықта ақша жоқ.
Инфляцияға байланысты елде проценттік мөлшерлемелер көтерілді. Бұрынғыдай арзан несие берілмейді. Пандемия кезіндегідей салық төлеуді шегеретін жеңілдіктер жоқ. Керісінше экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін билік салық көлемін арттырып отыр.
Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:
- Біз Еуропадағы ең дамыған елдердің бірі болғымыз келеді. Брекситтің арқасында ешкімге жалтақтамайтын және жалақысы жоғары экономикаға айналамыз. Қазір Ұлыбритания қиын кезеңдерді бастан кешіп жатыр және бюджетте салықтың орнын жабатын қаражат жоқ. Инфляция деңгейін 2 есеге түсірсек – салықты азайтқанымыз.
Үкіметтің бастамаларына оппозиция ғана емес, бизнес те күмәнмен қарайды. Лейбористер партиясы өкілдері «Билікте 13 жыл отырған консерваторлар өмір сүру деңгейін төмендетіп, экономиканы әлсіретіп тастады», - дейді. Бизнесмендер Ториде нақты жоспар мен ұзақ мерзімді стратегия жоқ деген пікірде.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.