БҰҰ Мьянмадағы саяси ахуалға алаңдаулы
Мьянмада әскерилер билікті басып алғалы қуғын-сүргін тоқтамай тұр.
БҰҰ осы елдегі төңкеріске 2 жыл толуына орай осылай деп мәлімдеді. Олар сондай-ақ халықаралық қауымдастықты хунтаның өткізгелі отырған сайлауларын қолдамауға шақырды. Мьянмада 2021 жылдың 1 ақпанында әскерилер төңкеріс жасап, Аунг Сан Су Чжи үкіметін биліктен кетірді. Бұл халықтың хунтаға қарсы көтерілуіне әкелді. Былтыр қақтығыстардан 3 мыңға жуық адам қаза тауып, 18 мыңдай азамат қамалған. 1 миллионнан аса тұрғын баспанасын тастап кетті. Тағы 70 мыңы шетелге бас сауғалады.
Том Эндрюс, БҰҰ-ның Мьянмадағы ахуал жөніндегі арнайы баяндамашысы:
- Мьянмада әскери төңкеріс жасалғанына 2 жыл болды. Бірақ өкініштісі сол халықаралық қауымдастық бұл елдегі дағдарыспен тиімді күресуге қауқарсыз болып отыр. Біз мәселені шешу үшін бірлесіп әрекет етуге күш салуымыз қажет.
АҚШ Мьянмаға тағы санкция салды
АҚШ билігі Мьянмадағы әскери билікпен байланысты тағы бірнеше тұлға мен ұйымға санкция салды. Олардың арасында осы елдің сайлау комиссиясы және тау-кен компаниялары бар. Вашингтон "бұл шектеулер әскерилердің бейбіт тұрғындарды қырып, демократиялық күштерді әуеден шабуылдауына байланысты енгізілді" деп отыр.