Қытайдың барлаушы шары АҚШ аспанын бақылап тұр
АҚШ аспанында бірнеше күн қалықтаған барлау шары Қытайға тиесілі, деп мәлімдеді Пентагон.
Монтана әуесінде көзге түсіп қалған шардан соң осы жұмада Бейжіңге жолға шыққалы отырған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сапарын кейінге шегерді. Вашингтоннан меншікті тілшіміз Нұрбек Бекен тарқатады.
Нұрбек Бекен, тілші:
- АҚШ билігі елдің солтүстік аймағында барлау шарын байқап, қазір оны жіті бақылап отыр. Пентагонның ресми өкілі аспандағы бұл аппарт Қытайға тиесілі деп мәлімдеді. Пэт Райдер әуе шарының қытайлық екеніне күмән келтірмейді. Осыған байланысты АҚШ билігі Қытайға сұрау жіберген. Әзірге Вашингтон бұл жағдайға байланысты барынша байыптылық танытып отырғанын байқатты. Қытай тарапы да бұл мәселенің зерделеніп жатқаннын, асығыстық танытуға болмайтынын айтты.
Пэт Райдер, Пентагон баспасөз хатшысы:
- Біріншіден, біз Қытайдың мәлімдемесі туралы білеміз. Дегенмен, біз бұл бақылаушы шар екенін де білеміз. Бұл әуе шары АҚШ әуе кеңістігі жөніндегі ережелерін мен халықаралық келісімді бұзды деп есептейміз. Сондықтан біз тікелей Қытайға түрлі деңгейде сұрау жібердік. Нақты оның қайда бара жатқанынан келер болсақ, қазір шығысқа қарай жылжып барады. Басқа нақты ештеңе айта алмаймын.
Әуе шары жолаушылар ұшағына қарағанда әлдеқайда биікте жүр. Жердегі адамдарға ешқандай қауіп төндірмейді. Дегенмен оның көлеміне байланысты атып түсірмеу туралы шешім қабылданған. Себебі қалдықтары қауіп төндіруі мүмкін болған. Пентагон өкілі жағдай бақылауда екенін айтты. Барлау шары көзге түсіп қалған соң АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Бейжіңге жұма күні жасағалы отырған жұмыс сапарын кейінге шегерді. Сарапшылар осындай маңызды кездесу алдында бұл Қытайдың әдейі әрекеті ме деп бас қатырып жатыр.
Гейл Хелт, орталық барлау басқармасының бұрынғы сарапшысы:
- Әуедегі шарға бола екі жақты кездесуді тоқтату ақымақтық деп ойлайтын адамдар бар екенін білемін. Бірақ менің ойымша, Қытайдың әдейі істегенін де жоққа шығара алмаймыз. Қытай қазір бірнеше себепке байланысты АҚШ-қа наразы. Сондықтан сапарды кейінге шегергені дұрыс болды. Меніңше, қазір тараптар өнімді екіжақты кездесулер өткізбейді. Қытайда бізге қатысты тым көп алаңдаушылық бар.
Болжам бойынша бұған дейін барлау шары Канада үстінен ұшып өткен.