Түркиядағы жойқын жер сілкінісі. LIVE
Түркияда бүгін таңғы 04.26 шамасында 7,4 балдық жер сілкінісі болды. Зілзаладан қаза тапқандар саны, сәт санап өсіп жатыр.
Бүгінгі күнді түрік жұрты қайғылы хабармен қарсы алды. Елдің Кахраманмараш провинциясында болған 7,4 баллдық жер сілкінісі елдің 10 провинциясында да қатты сезілді. Қазір үйінділер астында қалған тұрғындарды іздестіру-құтққару жұмыстары жүріп жатыр. төтенше жағдайлар тобының құтқару барысын тікелей эфирден көрсетіп жатыр. Әрбір құтқарылған азамат, жүздеген тұрғын үйдің үгіндісі астында қалғандарға үміт болып отыр. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 7 провинцияда 76 кісі қаза тапқан. 440 кісі жарақат алған. Құтқару жұмыстары қарқынды жалғасуда. Басқарманың жер сілкінісі қаупін азайту жөніндегі директорының айтуынша, аймақта жер сілкінісінен көптеген ғимараттарға зақым келген. Сондықтан, тұрғындардың алдағы бірнеше сағат бойынша және мамандардың ғимаратты тексеріп кеткенге дейін үйлер мен жұмыс орындарына кірмеуін ескертіп отыр. Еске сала кетейік, елдің ішкі істер министрі, аймақта халықаралық көмекті қамтитын төртінші деңгейлі дабыл жарияланғанын хабарлады. Зілзаладан кейін 32 рет афтершок болғанын оның ең ірісі 6,6 балды құрағанын жеткізді. Мамандар апатты жағдайды 17 тамыз 1999 кейінгі ең ірі жер сілкінісі деп бағалап отыр.
Орхан Татар, AFAD жер сілкінісі қаупін азайту бас директоры:
- Алғашқы зілзаладан кейін 5 пен 4 балдық дүмпулер болды. Жер сілкінісі көп аймаққа әсер еткенін атап өткен жөн. Малатиядан- Искендерун мен Хатайға дейін созылған Шығыс Анадолы аймағында оның қуаты 7,4 балға жеттті. Аймақта көптеген ғимараттарға зақым келген. Алдағы сағаттарда 6 балдан жоғары афтершоктардың қайталанатынын ескерсек, азаматтарымыз үшін бұл ғимараттардан аулақ болуы өте маңызды.
Жер сілкінісі салдарынан Газиантепте 17 ғасырда тұрғызылған тарихи қамал, Антакия мен Хатайда мемлекеттік ауруханалар қираған ғимараттардың қатарында. Сондай-ақ, апатты аймақтарға табиғи- газ уақытша тоқтатылды. Тиісті мекеме, қауіпсіздік орнағаннан кейін берілетінін жеткізіп отыр. Елдің ақпарат басқармасы, жалған ақпаратқа қарсы ескертіп, ақпаратты тек ресми мекемелерден алуды сұрады. Себебі, тап қазір әлеуметтік парақшаларда әртүрлі ақпараттар тарқап кеткен.
Айта кеткен жөн, зілзаланың әсері Кахраманмараштан бөлек Хатай, Газиантеп, Малатия, Адияман, Адана, Килис, Диарбакыр мен Шанлыурфа провинцияларына әсер еткен.
Жергілікті әкімшілік, тұрғындардан қажет болмайынша ұялы телефондары арқылы оператормен емес тек интернет арқылы сөйлесуін сұрап отыр. Себебі, үгінді астында қалғандарды анықтауда осы оператор қолданылып жатыр. Сондай-ақ, осы аймақтарда бүгін- ертең мектептердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Айта кетерлігі, тап қазір Түркияның бірқатар аймақтарында ауа райы қолайсыз. Қар түсіп, біраз суытқан. Сондықтан, төтенше басқармасы шатырлар құрып, халықты жылы төсекпен қамтамасыз етіп отыр. Сыртқы істер министрлігі, апат аймағында Қазақстан азаматтарының бар- жоғын анықтап жатыр.
Түркияның көптеген провинцияларынан бөлек, көршілес жатқан Сирия, Ирак, Ливан, Иордания, Израиль және Египетте де сезілді. Бастапқы мәліметтерге қарағанда, Сирияда кем дегенде 200 адам қаза тауып, қаншама адам жараланған.