Түркияда бір апталық аза тұту жарияланды

Президент Реджеп Тайып Ердоған 12 ақпанға дейін тулар төмен түсірілетінін хабарлады.

"Рейтер" таратқан соңғы ақпарат бойынша жойқын жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 2300 адамнан асты. Жарақат алғандар 14 мыңнан көп. Алғашқы 7,8 балдық зілзаладан кейін кемінде 17 рет жерасты дүмпуі тіркелген. Іздеу-құтқару ісіне 10 мыңдай маман тартылды. 3 мыңға жуық ғимарат қираған.  Табиғи апат болған елдің оңтүстігіндегі қалалар арасындағы жолдар опырылған, интернет байланысы нашар. Кейбір жерде түнде қатты суық болады деген қауіп бар. Жалпы ел бойынша мектептер мен университеттер 1 аптаға жұмысын тоқтатты. Теміржол қатынасы мен әуе рейстері де белгісіз мерзімге дейін шегерілді.

Хулуси Ибраһим, зардап шегуші:

- Мен өзіме қиямет күні келді деп айттым. Біз опырылған ғимараттың астында қалдық. Жанымда жұбайым тұрған еді. Оның ес-түссіз жатқанын көріп едім, кейін мүлде таппай қалдым. Өзім 4 сағат дегенде үйінді астынан шықтым. Әйелім әлі қиранды астында жатыр. Жамандық туралы ойлағым келмейді.