TikTok-тан қорыққан АҚШ өзі шығарған танымал чаттан да сескеніп отыр ма?
ChatGPT бар жоғы екі айда Google, TikTok сияқты алпауыттарды басып озған онлайн қызмет түрі.
Қазір әлем жұртын тамсандырып отырған чатты пайдаланушылар саны 100 миллионнан асты. Кез келген салада, түрлі тақырыпта әңгімелесіп, тіпті ғылыми мақаланы да қас-қағым сәтте орындап беретін жасанды интеллектің көмегі көпке тиіп жатқаны аян. Бірақ бұл боттан сескенетіндер де бар. Жоғары технология отаны АҚШ-та ғана емес, әлем бойынша ChatGPT студенттерге таптырмас құрал болып отыр. Тек оны пайдаланудың этикасы қалыптаспаған.
Сонымен ChatGPT деген не? Бұл америкалық OpenAI компаниясының жасанды интеллектке негізделген өнімі.
- Бот интернет кеңістігіндегі орасан зор ақпаратты тез өңдеп, кез келген сұраққа жауап, тапсырманың шешімін орындап береді. Әсіресе үй жұмысына қиналатын студенттер мен оқушыларға таптырмас құрал. Ғылыми-сараптамалық мақала жазу, күрделі есепті шешу, өлең шығару сияқты қиялыңыз жеткен тапсырманы оңай-ақ орындап береді. Бірақ мамандар бот ұсынған бүкіл ақпаратқа бірден сенуге болмайды дейді.
Кейси Фислер, технологиялық этика маманы:
- ChatGPT дәл қазір өте көп жалған мәлімет те береді. Ол дереккөздері расталмаған ақпаратты да сізге ұсынуы мүмкін. Сондықтан сақ болу керек.
Cтуденттерге оны сауатты әрі дұрыс пайдалануды осы бастан үйрету қажет, дейді сарапшылар. Мұғалімдер мен профессорлар шәкіртінің күрделі тапсырмаларды қиналмай, интернеттен 3 секунда көшіріп алатынан алаңдайды. Кейбір мектептер оқушыларға бот көмегін пайдалануға тыйым да сала бастаған. Бірақ олар қаншалықты қулыққа барса да бетпе-бет емтиханда боттың көмегі тимейді деп есептейтіндер де бар.
Грегори Морган, Нью-Джерсидегі Стивенс технологиялық институтының профессоры:
- Мұғалімдер бұл бот студенттерге үй жұмысын көшіріп, қулыққа баруына оңай жол ашады, деп ойлайды. Бірақ мен оның жақсы жағын көремін. Мәселен, күрделі есеп шығарғанда калькуляторға жүгінген сияқты ғой. Кез келген тақырыпты тереңірек зерттеп білуге жан-жақты мүмкіндік береді.
Қайткенмен де нейро желіге қосылған бот білім беру саласына соны өзгеріс әкеледі. Дегенмен жасанды интеллект дамуына көзқарас әрқалай. Сақтықпен қарайтындар да бар.
Эмили:
- Шынымды айтсам, жасанды интеллект мені аздап қорқытады. Себебі адамнан ақылы асып, өзі шешім қабылдайтын жағдайға жетуі қауіпті сияқты. Әрине ол қызықты. Жеке басым әуес болмауға тырысамын.
Адам:
- Осындай технологияның мүмкіндігін сауатты пайдалануды үйрену керек. Мұндай құрал бола тұра оны қолданбау ақылға қонбайды. Тіпті білім бағдарламасына енгізу керек.
Сарапшы ChatGPT әр адамның смартфонында жеке кітапханашы отырғандай технология деп қарайды. Бот сізді мазалаған кез келген сұраққа тұщымды жауап бермесе де, жақсы ойлар түйіндеп береді. Көмекші ретінде баяндама жазып, жеке психолог, мотиватор ретінде тілдесе де алады. Мүмкіндіктері өте көп. Сондықтан кез келген саланың дамуына үлес қосады. Экономикалық тұрғыдан компаниялардың тиімділігі артса, білім саласына үлкен серпіліс әкелмек.
Кейси Фислер, технологиялық этика маманы:
- Мен шынымен қазір өте бір маңызды кезеңде тұрғанымызды сеземін. Интернет алғаш пайда болғандағыдай, мұның да ықпалы зор болатынына сенемін.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Әлем жасанды интеллекті қолдануда жаңа деңгейге өтті. Сондықтан сарапшылар оны тоқтату мүмкін емес, керісінше қазірден бейімделіп, тиімді пайдалануды үйрену керек дейді. Ағылшынша лезде жауап беретін ChatGPT әлемдегі 90-нан астам тілде ақпарат береді. Әзірге қазақшасы шорқақ.